Kyzylorda-news.kz Төтенше жағдай саласы – кез келген адам еңсере бермейтін, қызығы мен қиыншылығы көп сала. Бұл салада қызмет ететін мамандар да түрлі жаттығу мен дайындықтан өтіп қана келеді. Алапат өрт, жер сілкінісі, орман өрті, тіпті су тасқыны секілді айтып келмейтін апаттың кез келгенінде зардап шеккен қарапайым тұрғындарға ең алдымен көмек қолын созатын да осы төтенше жағдай қызметкерлері. Қандай жағдай болмасын адам өміріне дәрігелерден кейінгі жауапты маман десек артық айтпағандығымыз. Тіпті кейде медицина қызметкерінің де жұмысын атқарып жатады.  Төтеншеліктер үшін ең алдымен өзінің емес өзгенің өмірі бірінші орында. Сондықтанда бұл сала аса жауапкершілікті талап етеді.

Бұл салада бірнеше буынға созылған еңбек династиясын жалғап келе жатқан әулет өкілдері де бар. Бүгінде Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметін атқаратын Руслан Қайрақбаевтың бұдан бұрын атасы мен әкесі азаматтық қорғаныс саласында жемісті қызмет атқарған. Олардың қаншама жылдарға жалғасып келе жатқан еңбектері көпке үлгі, әрі, өнеге.

Руслан Сламбекұлының бұл саланы таңдауына Атасы Бодан мен әкесі Сламбектің септігі көп тиген. Бала кезінен олардың қызметін көріп өскен ол мамандық таңдауда еш қиналмаған. Керісінше, ата жолын жалғастыруды ойлайды.

Атасы − Бодан 1952-1975 жылдары Қызылорда қаласындағы өрттен қорғау саласында әртүрлі қызметтер атқарып, құрметті зейнет демалысына шыққан. 1919 жылы Сырдария ауданындағы «Комсомол» кеңшарында дүниеге келген ол кісі Екінші дүниежүзілік соғыста рота саяси жетекшісінің орынбасары болып еңбек еткен. Одан соң Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде, Ішкі істер министрлігінде қызметте болады. Қаншама мақтау қағаз алып, 11 медальмен марапатталған. Әкесі Сламбек өрт сөндіру саласында 1980-1997 жылдары жемісті еңбек еткен.

− Рас, атам мен әкем кезінде төтенше жағдайлар саласында қызмет атқарды. Расында, менің мамандық таңдауыма сол кісілер әсер етті. Ата жолын жалғауды армандап өстім деуге болады. Ол кісілер секілді елге құрметті болуды, кәсіби маман иесі болуды бала кезден мақсат тұттым. Әкем Сламбек майор шенімен зейнетке шығып, ұл-қызының ортасында ғибратты ғұмыр кешуде. − дейді ол.

Руслан Көкшетау техникалық институтының «өрт қауіпсіздігі инжинері» мамандығы бойынша аяқтаған. Одан кейін Қызылорда экономика, экология және құқық университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдайды. Еңбек жолы №11 мамандандырылған өрт бөлімінің аға инженері-кезек жетекшісі болудан басталады. Мұнан соң Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы, Төтенше жағдайларға ден қою басқармасының жедел кезекшісі, Азаматтық қорғаныс басқармасы азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалуын бақылау бөлімінің бас маманы және өзге де қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтайды. Одан кейінгі жылдарда департамент бастығының орынбасары, облыстық мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасының бастығы болады.

− Біздің әулеттегі атам, әкем және менің төтенше жағдайлар саласындағы жалпы еңбек өтіліміз жетпіс жылдан асты. Бұл уақытта қаншама өзгерістер болды. Біздің салада да қаншама жаңашыл істерге жол ашылып, техника жаңарту бағытында өзгерістер жасалды. Ол кездегі төтенше жағдайлар саласының қызметі мен бүгінгі кезеңді, техникалық жабдықтауды салыстыруға ешбір келмейді. Жетпіс жылдай бұрын материалдық-техникалық база қазіргідей жоғары деңгейде болды деп айта алмаймыз. Соған қарамастан аға буын өкілдері жұмыстың жоғары деңгейде жүруіне барынша зор үлес қосты. Олардың атқарған еңбегі өлшеусіз. Техниканың су сыйымдылығы аз болғанына қарамастан өрттен қорғауда аянбай жұмыс жасады.

Қай кезде де ардагерлердің еңбегін жоғары бағалаймыз. Қазір материалдық-техникалық базаны жаңартуға жоғары деңгейде мән беріліп келеді. Республикалық бюджеттен 2022 жылы 3 өрт сөндіру автотехникасы берілсе, «Қамыстыбас» елді мекеніндегі құтқарушыларға арналған құрастырмалы-жиналмалы модульдік үй салынды. Былтыр республикалық бюджеттен тағы 6 автотехника алынды. Облыс әкімінің қолдауымен қосымша 7 бірлік техника биылғы 28 ақпанда жеткізілді, − дейді.

Руслан Сламбекұлы саланы басқарғандықтан жас мамандарға ерекше көңіл бөледі. Олардың білім алуына, біліктіліктерін ұштауына жағдай жасауды алдыңғы орынға қояды. Бұл оның өзінің жұмысына деген адалдығы, жастарға деген қамқорлығы.

− 2023 жылы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінде» 18 жас еңбек жолын бастады. Оған қоса М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясын тәмамдаған 6 маман иесі қызметке жолдамамен келді. Сондай-ақ, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Беларусьтің Минск қалаларындағы азаматтық қорғау саласындағы оқу орындарына оқуға түскен жастар бар. Ал М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына 4 талапкер оқуға қабылданды. Бұл саладағы оқуға қабылданатын талапкер ҰБТ бойынша жоғары балл иегері, спортқа шыныққан, денсаулығы жақсы, алдына мақсат қойғыш, білімді, еңбекқор, адамгершілік, қамқорлық қасиеті болғаны абзал. Өйткені, аталған салада қызмет еткен сәтте осы қасиеттің барлығы таразыға тартылады. Қысқасы, құтқарушыларға қойылатын талап жоғары, − деген ол қызылордалық төтенше жағдайлар саласының мамандары шетелдік және өзге өңірдегі әріптестерімен қандай байланыс жасап жатқандығын сөз етті.

− Шетелдік және өзге өңірдегі әріптестермен жоғары деңгейде байланыс орнатылған деуге толық негіз бар. Атап айтқанда, Байқоңыр қаласында ресейлік өрт сөндірушілерімен бірге оқу-жаттығу өткізіліп, мамандар тәжірибесін арттыра түсті. Былтыр қыркүйек айында Түркияның Стамбул қаласында өткен өрт сөндіру-құтқару чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында Аралдағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері Әбдібек Еркін қатысып, жалпы командалық есепте екінші орын алып қайтты. Ал сол жылдың мамыр айында Ресейдің Волгоград қаласында Тоғжан Тұрсынхан өрт сөндіру-құтқару спортынан өткен жарысқа ел құрамасы сапында жалпы командалық есепте үздік үштіктен көрінді. Былтыр 1 тамызда департамент ғимаратында маңызды жиын өтті. Оған Біріккен Ұлттар Ұйымының Қорғау және қауіпсіздік департаментінің Қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джастин Аллим Рашид қатысты.

Кездесу барысында БҰҰ-ның ҚР Қауіпсіздік департаменті мен ҚР Үкіметінің өңірлердегі қауіпсіздік құрылымдары арасында қатынас орнату, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою қажеттілігіне қарай бірлесіп жұмыс істеу жағдайы жан-жақты таразыланды.

Айта кетерлігі, департаментте халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының сүңгуірлерді даярлау стандартына сәйкес бірінші сыныпты сүңгуір біліктілігін алған маман Мейрамбек Доспенбетов қызмет атқарады, ол халықаралық құтқару операцияларына қатыса алады. Ол жедел-құтқару жасағында 20 жылдан астам уақыт жұмыс жасауда, − дейді.

Аса қауіпті саланы меңгеріп, өңірдің тыныштығын сақтауға, қауіп-қатердің алдын алуға бар ғұмырын арнаған Руслан Сламбекұлының бүгінде еңбегі зор. Алдағы жұмысына тек сәттілік тілейміз.

Тағы да оқыңыз: