Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен мәжіліс өтті. Оған кент, ауылдық округ әкімдері, мекеме және кәсіпорын басшылары қатысты.

Күн тәртібінде 8 наурыз күні «Тәуелсіздік» ықшам ауданындағы су басу оқиғасы, жеке тұрғын үйлерге мұқтаж азаматтарға берілген пәтерлердің жай-күйі, көктемгі санитарлық тазалық жұмыстары және алдағы маңызды іс-шаралар талқыланды.

Аудан басшысы келешекте төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуді, су тасқыны қаупіне қарсы мониторингті тұрақты жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жалған ақпараттардың таралуына жол бермеу қажеттігі айтылды.

Көктемгі санитарлық тазалыққа ерекше мән беріліп, қысқа мерзім ішінде барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік нысандар және тұрғын үйлердің айналасын ретке келтіру жұмыстары жүргізілуі тиіс екені ескертілді.

Мәжілісте Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өту мәселесі айтылып, оған байланысты дайындық шараларын сапалы жүргізу міндеттелді.

Жиынды қорытындылай келе, аудан әкімі коммуналдық қызметтердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуді және тазалық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: