Kyzylorda-news.kz Бүгін Қазалы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев вегетациялық кезеңде аудандағы егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуге басқа өңірлерден арнайы келіп көмек көрсеткен Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау өңірлерінің төтенше жағдайлар саласының қызметкерлерімен кездесіп, алғысын жеткізді.
-Биыл аудан көлеміндегі егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету жұмыстарына шаруашылық құрылымдарының, «Қазалысушар» өндірістік учаскесінде 3-дана, ауылшаруашылық құрылымдарында 9-дана, елді-мекендердің меншігіндегі 26 дана жергілікті су насостары толық егіске су тартуға жұмылдырылды. Сырдария өзеніндегі су көлемінің аз болуына байланысты тағы да қосымша насостарға қажеттілік туындап, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар және Қазақстан Республикасы Су ресурстары, ирригация министрліктері тарапынан облысқа барлығы 25 дана дизельді су насос қондырғылары жеке құраммен бірге көмекке жіберілсе, оның 4 данасы ауданымызға келіп, қосымша су насос қондырғысы арқылы «Жалаңтөс батыр» ЖШС-не 100 гектарға, «РЗА Агро» ЖШС-не 70 гектар жеріне су айдап, көмек көрсетті. Жеке құрам мен көмек құралдары шілде айының бастап, 2 ай бойы үздіксіз, екі ауысыммен жұмыс жасап шаруаларға үлкен жәрдем берді. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауларының арқасында дер кезінде қабылданған шешімдер, жүргізілген келіссөздер нәтижесінде биылғы жылы егіс алқаптары сумен қамтамасыз етіліп, егісті барынша шығынсыз алып шығу мақсатында шаралар атқарылды. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің елеулі еңбектері орасан зор,- деді Жалғас Оңғарұлы.
Жиын соңында аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш сөз сөйлеп, шаруашылықтардың егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуге үлес қосқан төтеншеліктердің бұл еңбегі - диқандар үшін үлкен көмек болғандығын жеткізді.
Айта кетейік, биыл аудан бойынша 17 мың 445 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, оның ішінде күріш дақылы 5 мың 636 гектар жерге орналастырылды. Алдағы қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде аудан бойынша егінге орақ салу науқанын бастау жоспарланып отыр.