Kyzylorda-news.kz. Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Қарағанды облысындағы Костенко шахтасындағы апаттың себебін тексеруге шетелдік сарапшылар тартылатынын мәлім етті, деп хабарлайды Кazinform.

«Қазіргі уақытта тағы 7 шағын комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар тергеуге Қазақстаннан және шетелдерден сараптамалық ұйымдар тартылды. Естеріңізге салайық, ағымдағы жылғы 28 қазанда сағат 2-ден 36 минут кеткенде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтада тереңдігі 700 метрде жану болып, кейіннен метан-ауа қоспасы жарылды. Бұл жерге дереу «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының күштері жіберілді», - деді ол.

Министр апат кезінде ауысымда 252 кенші болғанын, оның 201-і өздігінен көтеріліп, 5-і тау-кен құтқару күштері тапқанын еске салды.

«Жалпы, 30 қазаннан бастап Қарағанды облысының бес шахтасында (Абай, Саран, Шахтинск, Күзембаев және Ленин атындағы) өндіру процестері қайта жанданды. «Тентек» шахтасында тек дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қазақстан» шахтасында оның қарқынды жұмыс істеуі үшін барлық жұмыстар қамтамасыз етілуде және аэрогаз жағдайы бақылауда», - деді Сырым Шәріпханов.

Тағы да оқыңыз: