Kyzylorda-news.kz. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдай режимі кезінде азық-түлік жиынтығы кімдерге берілетіндігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бюджет қаражаты есебінен азық-түлік себеті бастапқыда 460 мың адамға берілген еді. Дегенмен, 31 наурызда Президент оны кеңейтуді тапсырды және республикалық бюджетті соңғы нақтылау барысында қосымша қаражат қарастырылды. Қазіргі уақытта барлық өңірде азық-түлік жиынтығы немесе азық-түлік жиынтығына арналған қаражат беріліп жатыр», – деді ол.

Министрдің дерегінше, азық-түлік жиынтығы 1,243 млн адамға қарастырылған.

«Олар мына санаттар: Көп балалы отбасыларды, барлық топтағы және бастағы мүгедектерді қоса алғанда атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған азаматтары мүгедек баланың күтімімен отырған ата-аналар, сонымен қатар жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар»,- деді Біржан Нұрымбетов.

Мұнан бөлек, оның айтуынша, түрлі қорлар мен еріктілер де халықтың аз қамтылған топтарын азық-түлікпен қамтуға көмектесіп жатыр.

«Біз біргеміз» қоры, еліміздің патриоттары бар. Олар да азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етіп жатыр. Бізден әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың тізімін алып, оларға көмек көрсетіп жатқан ұйымдар да өте көп», – деді министр.

Тағы да оқыңыз: