Kyzylorda-news.kz. Қазалы қаласында Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі бар. Онда жеті экспозициялық, бір көрме және «Тәуелсіз Қазақстан» залы жұмыс істейді. Ғанидың балалық шағынан бастап өмір жолы, ақтық сапарға аттандыру шаралары осы залдарға кезең-кезеңімен орналастырылған. Сондай-ақ, музей қорында оның өз қолымен жазылған хаттары, көпшілікке беймәлім құжаттары мен фотосуреттері бар. Ғанимен қызметтес болған серіктерінің, замандастарының естеліктері мен кітаптары да жинақталған.

Музейдегі ерекше экспонаттың бірі – 1924 жылы Ғани Мұратбаев жары Бақытжанмен шаңырақ көтергенде Қазалы жастарының сыйға берген кілемі. Құнды жәдігерді 1981 жылы Ғанидың жұбайы Бақытжан Құрманбаевадан сол кездегі музей директоры Қатира Тайпақова алып келген.

Кілем қызыл түсті. Қара, қызыл, сары түсті геометриялық өрнектермен безендірілген. Жүз жылға жуық тарихы бар кілем музей төрінде сақтаулы.

Айта кетейік, 1979 жылдан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып жұмыс істеген Ғани музейі 1981 жылы өз алдына отау құрды. Ғанидың 100 жылдық мерейтойы кезінде Мәскеу қаласындағы Ваганьков зиратындағы қабірінен топырақ әкелініп, музей экспозициясына қойылды. Музей қызметкерлері Ғани Мұратбаевтың өмірі мен еңбегі туралы естеліктер, зерттеулер және кітаптар жинақтаған. Жыл сайын Ғанидың туған күнінде «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы мен кіші футбол жарысы ұйымдастырылады. Музей жанында «Жас ғанитанушылар» үйірмесі де жұмыс істейді.

Экспонаттар мен музейге келушілер саны жыл сайын өсуде. Музей алғаш ашылғанда 200 жәдігер, үш зал болса, 2015 жылдың 1 қаңтарына музей қоры 6624 жәдігерге жеткен болатын. Кейіннен өлке тарихына қатысты 4015 жәдігер Әйтеке би кентінде ашылған аудандық тарихи-өлкетану музейіне берілді.

Тағы да оқыңыз: