Kyzylorda-news.kz. Бүгін «Nur Otan» партиясы атынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Байқоңыр қаласы Төретам кентінде тұрғындармен кездесу өткізді.

Кенттің клубында өткен бұл жүздесуге Республикалық сайлауалды штаб мүшесі, жырау, фольклор зерттеуші Алмас Алматов, облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар Наурызбай Байқадамов, Аманжол Оңғарбаев, Шәкизада Әбдікәрімов, Ғалымжан Ұзақбаев, Еркін Рзалиев, аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер Ғабит Бердекеев, Индира Қабатова, Анар Саденова, Шолпан Дәуленбаева, Айнұр Ажимова, Сейл Жұмадияров пен Шаттық Шыңғысова да қатысты.

Үміткерлер әуелі аудан тұрғындарының хал-ахуалын біліп, пікірлесіп, содан соң партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Үгіт-насихат жұмыстары барысында төретамдықтар өздерін толғандырған мәселелер – тұрғын үй кезегі, жол сапасы, ауылды елді мекенде жастардың жұмыспен қамту сынды мәселелерді көтерді. Оның ішінде ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер қозғаусыз қалмады.

Міне, осылайша алыстан ат терлетіп келген үгіт тобына төретамдық тұрғын Райхан Байшораева «Ең бірінші, сең соққан балықтай сенделіп жүрген жастардың жұмыссыздық мәселесі шешілгенін қалаймыз. Екінші, отбасының бүтіндігіне тікелей ықпал жасайтын тұрғын үй мәселесін шешіп берсеңіздер екен. Сосын тұрғындардың экологиялық аймақта тұруына байланысты медицинаға жалпыға бірдей қолжетімділік жасалса деген тілегіміз бар» – деді.

Осы орайда халықтың талап-тілегін тыңдаған Наурызбай Байқадамов пен Аманжол Оңғарбаев сөз сөйлеп, «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының негізі 7 басым бағытын таныстырып, өңір тұрғындарын мазалаған түйінді мәселелерді шешу партия бағдарламасында қарастырылғанын атап өтті.

“Жер кіндігі – Байқоңыр. «Nur Otan» партиясы алдағы жылдарда қаланың тұрмыстық жағдайын жақсартып, тұрғын үй салуға мүмкіндіктер жасау арқылы отбасы институтын нығайтуды көздеп отыр. Соңғы 30 жылда алғаш рет 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бес 50 пәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Біз мұнымен тоқтап қалмай, әлеуметттің әлеуетін арттыру мақсатында 2021-2022 жылдары 15372,6 ш. м. тұрғын үймен қамтамасыз етуді қолға алмақпыз. Айта кетейін, алдағы бес жылда жұмыспен қамту, медицина, білім саласында да ауқымды істер атқарылады. Тұрғындардың жағдайын жақсарту – біздің негізгі міндет”, – деді үміткер Наурызбай Байқадамов өз жауабында.

Үгіт тобы «Nur Otan»-ға дауыс беру арқылы тең мүмкіндіктер қоғамын құрып, әр азаматтың мәселелерінің шешілуіне жол ашылатындығын жеткізді.

“Nur Otan” партиясы Қызылорда облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді.

Тағы да оқыңыз: