Kyzylorda-news.kz. Аймақ аудандарында қолға алған кәсібін дөңгелетіп, оны одан әрі дамытып отырған кәсіпкерлер жетерлік. Солардың бірі – Жанар Разақбергенқызы. Ал сөзіміздің дәлелі алыстан көз тартып, менмұндалайтын «Анель» сауда орталығы.

Қазіргі заман талабына сай салынған нысанның сыртқы келбетіне сүйсіне қарайсың. Батыстан күн сәуле шашқан орын Төретам кентінің ажарын нұрландырып-ақ тұр. «Анель» сауда орталығының тұрғындарға есігін айқара ашқанына көп бола қойған жоқ. Салтанатты іс-шараның ашылу рәсіміне Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек қатысып, жаңа сауда үйінің тұрғындарға сапалы өнім ұсынып, тиімді қызмет көрсетуіне тілектестігін білдіріп, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеген еді.

Сауда үйінің иесі, жеке кәсіпкер Жанар Разақбергенқызы 2013 жылдан бастап текстиль және ыдыс-аяқ сататын дүкен ашып, ауданның экономикасын дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан кәсіпкер. Ол жаңа ғимаратта халық игілігіне қызмет жасауға 15 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Екі қабатты заманауи сауда орталығының бірінші қабатында азық-түлік тауарлары сатылса, ал екінші қабаты қызмет көрсету орындарына арналмақ. Сауда нысаны алдағы уақытта аудан экономикасының әлеуетін арттырып, сауда бәсекелестіктігін дамытуға және баға тұрақтылығын сақтауға септігін тигізетін болады.

Бүгінде шағын бизнеске ден қойылып, қолдау көрсетілуде. Ол үшін түрлі бағдарлама мен жобалар да жүзеге асуда. Ал бұл қадам – өрісімізді кеңейтіп, талапқа сай өмір сүруімізге тынысын ашуда. Иә, аймаққа қарасты аудандарда кәсіп ашып, бизнесін дөңгелеткендер қатары еселенген. Қуантарлығы да – осы.

 

Тағы да оқыңыз: