Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі таңда елімізде кәсібін дөңгелетіп отырған қаншама әйел-аналар көп. Бизнесте бастаған ісінің оңтайлы жағын қарастырып, жалпы табыс айналымын толтыра түскендер қатарында ер азаматтарымызбен қоса әйелдер, қыз-келіншектер де көптеп кездеседі.

Кәсіп қылып тіршілік бастаймын деген адамға бүгінде мүмкіндік көп-ақ. Өз мүмкіндігінше әркім әрқалай тірлік кешіп, тырбанып, күнкөріс қамын қылуда. «Кәсіп түбі - нәсіп» деген тәмсілдің төркініне үңілсек, оң жамбасыңа келген, ойыңда, арманыңда жүрген бастамаларыңды тәуекел етіп бастап жіберсең, әрі қарай ісің оңғарылып, бастаған кәсібіңнің берекесін, несібесін көресің деген сөз. Кәсібінің қарқыны алға өрлеп, кәсіптен дәулет пен бақ-береке тапқан жандардың бірі, Төретам кентіндегі «Ерке» тойханасының иесі, «Жадыра» ЖК-нің басшысы Жадыра Алшоразова десек қателеспейміз.

Жалағаштық Жадыра Алшоразованың негізгі мамандығы – бухгалтер-экономист. Бастапқыда өз мамандығымен есеп-қисап саласында жұмыс істеп көрді. Бірақ, көңілі кәсіпкерлікке ауды да тұрды. Көп қазақтың бірі болып Жадыра да о баста «Бірдеңе істеу керек еді...» деген сөзді жиі айтты. Айтып қана қоймай, қолынан келетін іске білек түре кірісіп те кетті. Яғни, сонау 1998 жылдардан бастап, кәсіпкерлік саласына бет бұрған, осы кәсіпкерліктің көзін тауып, дүкендер ашқан Жадыра Айтбайқызы әуелгіде Байқоңыр қаласында Ресей Федерациясының салық комитетіне тіркеліп, жұлдызды қалашықта дүкен саудасымен тіршілігінің бастамасын бастайды. Осы салада тасы өрге домалаған жеке кәсіпкер Жадыра Айтбайқызы 2016 жылдан бері Төретам кентіндегі салық бөліміне тіркеліп, өз еліміздің жеке кәсіпкері атаныпты.

Төретам кентіндегі маңдайалды тойханалардың бірі – «Ерке» тойханасы. Жадыра Айтбайқызының айтуынша, негізінен тойхана ғимаратының құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталып, 2019 жылдың қараша айында сол кездегі кент әкімі Шахым Сүйембетовтің қатысуымен тойхана ғимаратының ашылуы салтанатты түрде өтіп, лентасы қиылған екен. Екі қабатты тойхана ғимаратының бірінші қабатында кафетерий, дүкен мен шағын банкет залы және наубайхана, ал екінші қабатында 350 орынға арналған тойхана бар. Еңсесі биік, көлемі ат шаптырым әдемі әшекейлермен өрнектелген тойхана залы ерекше әдемі көрінеді. Осы тойхана ашылғаннан кейін, артынша төрт айдан кейін, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты карантиндік режим орнап, тойханалардың есігі тарс жабылғаны да белгілі. Осы тұста, яғни тойхананы енді ғана ашып, кәсібін бастаған Жадыра Айтбайқызына бұл едәуір тосқауыл болды. Дегенмен тойхана ғимаратындағы наубайхана, азық-түлік дүкені өз жұмысын жандандыра түсуіне септігін тигізді.

Халқымызда «Ас атасы – нан» деген киелісөз бар, яғни астың, дәмнің үлкені – нан. Қазақ баласы ақ пен қараны ажыратып танымай тұрып-ақ оған оң қолына нан ұстауды, нанды баспауды, тастамауды үйретеді. Нан қасиетті. Адам кез келген тамақты екі күн жесе, ол қанша нәрлі болғанымен сол тамақтан жалығады. Ал бірақ адам баласы өмір бойы наннан шықпайды, наннан зерікпейді, жалықпайды. Дастарқаныңыздың үстінде күнде нан тұрмаса, көңіліңіз де, дастарқаныңыз да – орта, берекеңіз кетіп, дүние ойсырап тұрған секілді басқа тамақ көзіңізге көрінбейді. Иә, осындай қасиеттерімен құнды нан өнімдерін шығаруды біздің бүгінгі мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз Жадыра Айтбайқызы өз кәсібінің бір саласы ретінде жандандырып, қала мен кент тұрғындарының көңілінен шығып жүрген жайы бар.

Жадыра Айтбайқызы басшылық ететін наубайхананың негізгі жұмысы – нан пісіру, дегенмен көпшіліктің қажеттілігіне байланысты тәтті нан, таба нан, тандыр нан(лепешка), рагалки, бәліш, ыстық тамақ, кондитерлік өнімдер, т.б пісіру. Сондай-ақ, той дастарханына самса, чебурики, блинчик, булочкаларға тапсырыс қабылдайды.

Наубайханадағы сауда жайын сұрағанымызда: 

«Сауда бірде олай, бірде бұлай. Былтыр карантин кезінде жұмысымыз тұралаңқырап қалғанымен, қазір енді тойға рұқсат беріп, біршама жанданып жатқан жайымыз бар, кейде, тұрғындар тарапынан түскен орындай алмай қалған сәттеріміз де кездесіп қалып жатады», дейді кәсіпкер.

Байқоңыр қаласындағы 10 дүкенді, ал Төретам кентіндегі 5 дүкенді нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкердің тапсырыстары да молырақ. Күнделікті нан өнімдерін берілген тапсырыс бойынша дайындайды.

Бұдан бөлек тойхана ғимаратының 1-қабатындағы кафетерийде күнделікті келушілер ас-ауқатпен қамтылса, шағын банкет залы да туған күн, ұжымдық отырыстар жасауға арнайы жабдықталған. Ал азық-түлік пен арақ-шарап сататын шағын дүкен де кент тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетуде.

Тұрақты түрде бес адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер той болатын күндері қызмет көрсетуге 20-ға жуық жалдамалы жұмысшы алып, тойды атқарады.

«Қайырымдылық жасасаң қайырымын өзің көресің» деген екен дана халқымыз. Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүр қазақ тіршілігінде түрліше іске асып отырған. Ата-бабаларымыз қайырымдылық дегенді қазақы дәстүріміз деп түсінісіп, оны әрдайым жүзеге асырып отырған. «Адам баласына қолыңнан келсе, жақсылық қыл, жасаған жақсылығың алдыңнан шығады,» деген екен. Бір-бірімізге әрдайым жақсылық жасаудан жалықпағанымыз жөн.

Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің, деген сөзді ескерген Жадыры Айтбайқызы да көмек қолын созғандарға қол ұшын беруден кенде емес. Қазақтың Жыл басы – Наурыз мерекесінде, Құрбан айтта, мектептерде өткізілген акцияларда, балалар үйіне демеушілік көрсетуден тыс қалған емес. Жағдайы төмен отбасыларға азық- түлікпен және қаржылай көмегін беріп отыратын кәсіпкердің жұмысының алға басуы да, осы әрекеттерінің қайтарымы ма деген ой түйдік. Осындайда «кең болсаң кем болмайсың» деген қазақтың сөзі еске түседі.

Отан – отбасынан басталады, демекші, өлкеміздегі осындай үлгі тұтар отбасы өздерінің кәсіптерін бүкіл жанұсымен атқарады. «Бақ қайда барасың, бірлігі жарасқан елге барамын», дегендей ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасының еткен еңбегі мен бастаған кәсібінің алға өрлеуі осы бірліктің арқасы. Иә, «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген осы.

Тағы да оқыңыз: