Kyzylorda-news.kz  Аз уақыттан соң мектеп оқушылары жазғы демалысқа шығады. Ал бітіруші түлектерді алда ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы күтіп тұр. Мемлекет болашағы саналатын балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі, құқығы қоғам үшін басты орында. Жыл көлемінде үзбей жүргізілетін айтулы мәселе дүйсенбі күні Төретам кентіндегі Шаттық Шыңғысова директорлық ететін №85 орта мектепте жалғасын тауып, оған білім, құқық қорғау саласының мамандары, ардагерлер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, мектеп ұстаздары қатысты.

Кездесуді ұйымдастырудағы мақсат – білім беру ұйымдарында оқу жылы аяқталуына байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, демалыс кезеңінде балалар арасында төтенше жағдайлардың алдын алу, жазғы каникульды тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ оларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, құқық бұзушылық, топтық төбелес, буллинг, есірткі, лудомания, вейп, интернетке тәуелділіктің алдын алу.

Еркін форматта ұйымдастырылған іс-шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева модераторлық етіп, 9, 11 сынып оқушыларына қатысушы қонақтарды таныстырды.

Алдымен сөз тізгінін алған Төретам кентінің әкімі Ғалымжан Елеусінов мектепте кадет сыныбының ашылуымен құттықтады. Балаларға қарапайым тілмен түсінікті етіп өнегелі әңгімесін айтты.

– Ермелікпен кейде сынаққа түсіп қалып жатамыз. Жақсы болу – әркімнің өз қолында. «Досыңды көрсетсең, кім екеніңді айтайын» дегендей, дос адамның өмірінде ерекше маңыз атқарады. Ортаң дұрыс болса, сен де дұрыссың. Адам өмірінде тазалықтың да орны бөлек. Бұл жөнінде үлкендеріміз «Тазалық – таза болған жерде» деп жиі айтады. Ол бекерге айтылмаған. Қоршаған ортаға құрмет те әркімнің жеке басынан болатын іс. Сіздерге әрдайым айтарым, осы кезден жақсы мен жаманды айыра білуге тиіспіз. Тәрбиелі, білімді жас азамат – мемлекетімізді дамып, әлемге таныта алады, – деді ол.

Кездесуде басқа да пікір білдіргендер болды. Атап айтқанда, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Марат Аралбаев, «AMANAT» партиясының Байқоңыр қаласы бойынша филиал төрағасы Еркін Рзалиев, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Байқоңыр қаласындағы Өкілдігінің Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Жандос Құлманов, Төретам кенті ардагерлер кеңесінің мүшесі Әмидулла Нағыметов, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қорғанбек Үйрековтер бітіруші түлектерге патриоттық тәрбие төңірегінде ағалық ақыл-кеңестерін айтып, елдің мықты азаматы болуға шақырды. Ертеңгі күні болатын тестілеу сынағынан сүрінбей өтіп, жоғары нәтиже көрсетулеріне тілектестіктерін білдірді.

Жиында негізінен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, құқық бұзушылық, топтық төбелес, буллинг секілді тақырыптар кеңінен талқыланып, оқушылармен еркін ой бөлісілді. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері қоғамдағы жастар мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Сонымен қатар сала мамандары оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, мектеп бітіру салтанатының жылдағыдан өзгешелеу форматта болатынын тілге тиек етті.

Басқосуда 11 сынып оқушылары Хакимжан Аблакимов, Назар Нағашыбай, «Алтын белгіге» үміткер Айбек Айзаков, Зарина Мұхрадинова, 9 сынып оқушысы Меруерт Жеткербай көкейлеріндегі сауалдарын көпшілік зердесіне салды.

– Оқушылардың өмірінде жиі кездесетін мәселелерді балалармен бірге талқылау, олардың пікірін білу, шешімді бірге іздеу қашанда нәтижеге жетуге көмектеседі. Іс-шараның мақсаты да осы ашықтықты қамтамасыз ету, – деді білім бөлімінің басшысы Гүлзира Мәжитқызы өз сөзінде.

Айта кетейік, аталған іс-шара бұдан өзге, Төретам кентіндегі Т.Жүргенов атындағы №80 мектеп-гимназиясы мен Жанқожа батыр атындағы №269 мектепте өткізілді.

Тағы да оқыңыз: