Kyzylorda-news.kz. Аймақта кәсіпкерлік деңгейі біршама дамып келеді. Оның ішінде Қармақшы ауданында қолға алған кәсібін дөңгелетіп, оны одан әрі дамытып отырған кәсіпкерлер жетерлік. Солардың бірі – Нұргүл Жаналиева. Ал сөзіміздің дәлелі алыстан көз тартып, менмұндалайтын «Дос» сауда үйі. Қазіргі заман талабына сай салынған нысанның сыртқы келбетіне сүйсіне қарайсың. Батыстан күн сәуле шашқан орын Төретам кентінің ажарын нұрландырып-ақ тұр.

Екі қабатты ғимаратқа ене бергеніміз сол еді сауда үйінің иесі алдымыздан жадырай қарсы алды. Сауда үйін бір шолып, мұндағы қызмет орындарымен таныстық. Жалпы 34 дүңгіршектен тұратын нысанның екінші қабатында бірыңғай киім-кешек сатылады. Ал біріншісінде азық-түлік, шаштараз, ойыншықтар дүкені саудасын қыздыруда.

«Қазір кәсіп ашамын дегенге мүмкіндік көп. Мемлекеттік бағдарламалар ниеттілерді қолдайды. Мен де берілген мүмкіндікті қалт жібермей, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 10 миллион теңге көлемінде несие алып, кәсібімді бастадым. Арманым орындалып, қазір сауда үйіміз халыққа қызмет көрсетуде. Кәсібімді одан әрі дамытқым келеді», – дейді жеке кәсіпкер.

Мұнда дүңгіршектің бірін жалға алып, әйелдер киімін сататын қатарға көзіміз түсті. Сатушыны да аз-кем әңгімеге тарттық.

– Сауда үйі биыл игілікке берілді. Сол уақыттан бері осындамыз. Бастысы – отырған жеріміз жайлы, әрі жылы. Халық үйренісіп жатыр. Келушілер қатары да артты. Барлығы халықтың арқасы ғой, – деді ол.

Бүгінде шағын бизнеске ден қойылып, қолдау көрсетілуде. Ол үшін түрлі бағдарлама мен жобалар да жүзеге асуда. Ал бұл қадам – өрісімізді кеңейтіп, талапқа сай өмір сүруімізге тынысын ашуда. Иә, ауданда кәсіп ашып, бизнесін дөңгелеткендер қатары еселенген. Қуантарлығы да – осы.

Қазір дамушы елдер шағын бизнеске ден қойып, қолдау білдіруде. Қазақстанда да осы бағытта түрлі бағдарлама мен жобалар жүзеге асуда. Бұл – ел-жұрттың жылдан-жылға өрісін кеңейтіп, заман талабына сай өмір сүруіне тынысын ашуда. Бүгінде ауданда екі қолға бір күрек ұстап, кәсіп ашып, бизнесін дөңгелеткендер қатары артқан. Мәселен биылдың өзінде кәсіп ашқандар саны еселенген. Солардың бірі – ерлі-зайыпты Әбдімұрат Смайлов пен Жадыра Алшоразованың отбасылық кәсібі.

Кәсіпкерлікті дамытуда аянбай тер төге еңбек етіп, өзге әріптестеріне үлгі көрсетіп жүрген төретамдық кәсіп иелерінің бұл салада жүргеніне жиырма жылға жуықтапты. Алғашында Байқоңыр қаласында басталған кәсібін жылдар өте кеңейтуді ойлағанмен отбасылық жағдайға байланысты Төретам кентіне қоныс аударады. Осында жаңа кәсіптің кірпішін қалап, тәуекел етеді.

«Қазір елімізде мейрамхана бизнесі күннен-күнге дамып келеді. Алайда оның ішінде сұранысқа ие болу мен сапа мәселесі де өзекті. Себебі тұтынушы талғамы басты орында. Осындай мүдде тоғысынан шыққан нысанның ғана қашан да бәсі жоғары болады. Сол үшін қазіргі заманға сай, тұтынушы талғамынан шығатын мейрамхана салуды мақсат еттік. Несие алып, барлығын нөлден бастауға тәуекелге бел будық. Қызмет той мезгілінде қызады», – дейді олар. 

Төретамдағы «Ерке» мейрамханасы тұрғындардың талғамынан шығуда. Аталған орталық былтыр бой көтерген. Кәсіп иелері «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде несие алып, кәсібін бастайды. Бүгінде жаңадан салынған жайлы орынға келушілер қатары артқан. Себебі мұнда 350 орындық мейрамханадан бөлек, кафетерий мен сауда-саттық дүкені бар. Халыққа қолайлы бағада қызмет етіп отырған кәсіпкерлік нысанда тұрғындар еңбек етуде. Ерлі-зайыптылар қайырлы іс – қайырымдылық жасауға да белсене атсалысады.

– Маңдай терін төгіп еңбек еткен адам міндетті түрде жетістікке жетеді. Біз де осы кәсіпті ашу үшін тер төктік. Отағасымның қолдауымен мақсат жолында жұмыс істеп, арманымның бір бөлігіне қол жеткіздім. Жанұяда 4 бала тәрбиелеп өсірудеміз. Қазір қолғабыс болып жанымыздан табылады. Барлығы оңай жолмен келмеді. Қиындықтар кездесті. Бірақ алға қойған мақсатымыз бізге дем берді. Құладық. Қайта тұрдық. Еңбек етемін деген адамға көмегін беріп жатқан мемлекетке алғысымыз шексіз, – дейді Жадыра.

Халықаралық тәжірибеде қонақ үй индустриясы мен мейрамхана бизнесі дамыған салалардың бірінші сатысында тұр. Бәсекелесі көп сала болғанымен табысы да айтарлықтай. Тек істің көзін таба білсе, келушілерге дәмді асын ұсына білсе болғаны.

Жасыңда еңбек етсең, қартайғаныңда соның зейнетін көресің. Осы қағиданы ұстанған талай жас кәсібінен береке тауып отыр. Қазіргі кәсіпкерлердің дені – жастар. Жұмыссыздық өзекті мәселе десек, мемлекет кәсіпкерді өзектен теуіп отырған жоқ. Ал кәсіп ашуды қиынға балайтыны да аз емес. Себебі неден ашарын, неден бастарын білмей дал болған талай жасты көзіміз көріп жүр. Ашайын десе – қаражаты жоқ. Қаражаты болса – идеясы жеткіліксіз. Не істемек керек?

Төретамдағы сапарда аңғарғанымыз екі қолға бір күрек тапқандар қатары артқан. Солардың бірі – 27 жастағы Жұлдызай Бақтыбаева. Бүгінде ол ашқан наубайхана тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсетуде. Жастайынан кәсіп ашуды армандаған жанның ісі берекелі. Талапты жас еңбек етіп, нәпақа табуға бел буады. Кәсіпкерлік – оның бойына анасынан дарыған қасиет болса керек. Дәл осы кәсіппен бірнеше жыл айналысқан отбасы Қызылордаға көшеді. Бірақ бала күнінен маңдай термен нәпақа табуды қызына үйретіп, осы кәсіпті қолға алуға мұрындық болған оның анасы. Уақыт өте Жұлдызай туған жеріне келіп, «Бизнес Бастау» бағдарламасы арқылы 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңімпазы атанады. Діттеген мақсатының бір бөлігі орындалған жас кәсіпкер бизнесін одан әрі дөңгелетуге білек-сыбана кіріскен.

1583230805_nan.jpg

Наубайханада бөлке нан, тәтті тоқаш, балды, бисквитті торт пен нан өнімдерінің түр-түрі пісіріледі. Тұрғындарды жұмыспен қамтуда. Мұндағы қызметке тұрғындар дән риза. Нан өнімдері жақын маңдағы балабақшаға да жеткізіледі.

«Адам нені ескеруі керек? Әрине, бір орында тоқтап қалмауды. Кейде өмірден налып, жұмыс жоқ деп ренішті күңкіліміз бар. Бәрі өз қолымызда ғой. Сүрінген адамның қайта тұрып жүруге құқы бар. Дипломды сандыққа тастап, кәсіпкер болсын демеймін. Адам барға қанағат етуі керек. Егер өз мамандығыңнан жолың болмады ма, мұңаюдың қажеті шамалы. Мемлекет жұмыссызға бар мүмкіндікті беріп отыр. Соны тиімді пайдаланып, еңбек етсе болғаны. Әсіресе жас буын жат қылыққа әуестенбей, жастайынан еңбекке баулып өссе жаман болмайды. Әрбір адам өз өмірінің қожайыны. Ал оның қандай болуы тек өзіне байланысты», – дейді жас кәсіпкер.

Наубайхана тізгінін ұстаған нәзік жан мұнымен шектелмек емес. Мемлекет тарапынан тағы да қолдауға ие болса, кәсібімді одан әрі дамытқым келеді дейді. Тәуекел еткен жас «Алла қарекет қылғанға береді» дейді тағы да...

Жүйткіген көлік Төретам кентінің орталығындағы нысандардың біріне тоқтады. Екі қабатты ғимараттың келбеті алыстан-ақ көзтартады. Ішке ене бергеніміз сол еді «Ali» сауда үйінің иесі Бану Иманзадаева жадырай қарсы алды. «Ә» дегеннен әңгімеміз жарасқан жанға көп сұрақ та қоймадық. Сауда үйін бір шолып, мұндағы құж-құж қайнаған қызу тірлікке куә болдық.

Қазір кәсіпті меңгеруде мүмкіндік көп. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар қанатқақты жобаларымен кәсіп ашуға ниеттенгендерді қолдайды. Ал мұндай мүмкіндікті қалт жібермеген жан – біз жазып отырған кейіпкер. Ол «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 5,5 миллион теңге көлемінде несие алып, ойыншық сататын дүкенін одан әрі кеңейтеді. Бой көтерген нысанда кәсіп иесінің ойыншықтар дүкенінен бөлек 15 дүңгіршекті жалға беріп отыр. Мұнда сән салоны, фотосалон, киім-кешек, ет, жеміс-жидек пен кітаптар әлемі бар. Ал жеке кәсіпкер Бану бұдан да биік белестерді бағындырғысы келеді.

– Несібе – еңбек еткенде. Бар күшімді жиып, кәсібімді одан әрі дамытқым келді. Арманым орындалып, қазір сауда үйіміз халыққа қызмет көрсетуде. Кәсібімді одан әрі дамытамын. Кентте әзірге жоқ балалар ойын-сауық орталығын ашу жоспарда бар, – дейді жеке кәсіпкер.

Сауда үйінен шығатын тұста жеміс-жидек сататын қатарға көзіміз түсті. Сатушыны де аз-кем әңгімеге тарттық.

– Сауда үйі ашылғалы осындамыз. Халық үйренісіп жатыр. Келушілер қатары артқан. Барлығы халықтың арқасы ғой, – деп қысқа қайырды Мира Нұрбаева.
 

Тағы да оқыңыз: