Kyzylorda-news.kz  Қуанарлығы биыл Қазалы ауданы бұрын соңды болмаған үлкен құрылыс алаңына айналғалы тұр. Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде рухани орталық, спорт кешені, жайлы мектеп, Жанқожа батыр ауылында жайлы мектеп, Қожабақы және Бекарыстан би ауылдарында спорт кешендері, Майдакөл ауылында Мәдениет үйі салынды. Бес ауылға газдандыру жұмыстары басталады.

Сөзбұйдаға айналған «Қарлаң» көпірі мен төрт жолақты жол құрылысы да аяқталады деп күтілуде. Осындай, қат-қабат мәселелердің тоғысқан ортасы Қазалы ауданына ел басқаруда мол тәжірибесі бар Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы әкім болып келгелі көркейту-көгалдандыру, тазалық сақтау шараларына аса мән беріп отырғанын көріп, біліп отырмыз. Сондықтан да, қозғап отырған тақырып төңірегінде аз кем пікір білдіруді жөн санадым.

Бұл осыдан бес-алты жыл бұрын күндегі дағдыға айналған әдетім бойынша ерте тұрып, үй маңын тазалауға шықсам, көшеміздің жасы үлкен бір тұрғыны көше қиылысында тау болып жатқан қоқыс арасынан екі қапты алып, үйіне қарай сүйреп бара жатқанын көріп:

Ау, не болды? – дедім.

Енді көшеден қоқыс жинамайтын болыпты дегенді естідім. Мына қапшықтарды өзім тастап едім, ұят болар деп алып бара жатырмын,- деді. «Көргені жақсы көш бастайды» деген осы екен. Өнегелі іске риза болып, қуанып қалдым. Айтса-айтқандай, сол кездегі Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті әкімінің орынбасары Қази Иманбаев, «Қазалы-Көркем Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысы Дәулетбек Тұяқбаев, жергілікті полиция қызметі өкілінің қатысуымен көше тазалығына байланысты тұрғындармен кездесу өткізгенді. Онда қоршаған ортаның тазалығына мән беру жөнінде түсіндірме жасалды.

Жиында, келешекте тұрмыстық қатты қалдықтарды кез келген жерге тастамай, тек арнаулы контейнер арқылы жиналатыны жеткізілді. Сол жолы көше комитетінің төрағасы да сайланды.

Шынын айту керек, бұл бағытқа келгенде атқамінерлердің белбеуі сәл босаған. Түсіндіру, үгіт-насихат жұмысы өз дәрежесінде деуге болмайды. Көше комитетінің төрағасы тек қағаз жүзінде ғана тізімде тұр. Келешекте оларға сол аймақта тұратын тұрғындарды бес саусақтай біліп, өзінің сөзін жүргізе алатын сыйлы адамдарды таңдаған дұрыс болар дер едім.

«Қазалы Көркем Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысы Марат Тұяқбаев қарамағындағы 25 адаммен, «Автоцех» жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысы Камшат Ерекешова 36 адаммен Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі көркейту-көгалдандыру, санитарлық-тазалық жұмыстарын білек сыбана жүргізіп жүргенін де көріп жүрміз. Ескіні еске алмай, жаңа жадыңа түспейді. Кезінде, Сахи Шалбасов есімді азамат «Поскомхоз» мекемесінде басшы болып жүргенде, аудан басшысы кезекті бір жиналыста көше тазалығына қанағаттанбай ұрысысқанда Сәкең: «Біздің жұмыс сақал сияқты ғой, қазір алсаң, қазір қайта шығады», - деген екен. Сол сияқты, Марат Тұяқбаев пен Камшат Ерекешованың бүгінгі тірлігі дәл осындай.

Арамызда төңіректің тазалығын көше сыпырушының ғана міндеті деп ұғынатын санасы таяз адамдар да барына көз куәгер. Тазалық қашан да, өркениеттіліктің өлшемін аңғартады. Тұрғынның қандай екенін білу үшін үйінің айналасына қарау жеткілікті. Сондықтан, ауданның бүкіл тазалығын санаулы сыпырушыға артып қою дұрыс емес. Керісінше, оларға болысу ортақ борыш. Мұндайда әлеуметтік желіге құқықбұзушылықтарды салған адамды қолдар едім.

Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті жанынан құрылған жедел топ, жергілікті полиция өкілдерімен бірге рейд жұмысын жүргізіп келеді. 2023 жылы және үстіміздегі жылдың 2 айында қазалылықтардың ортақ пайдалану орындары, саябақтар, скверлер, көше қиылыстарында, белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау фактілері бойынша тәртіпсіздіктің жолын кесу мақсатында біршама іс атқарған. Өткен 2023 жыл ішінде полиция қызметкерлері 1363 аудан тұрғынын жауапқа тартып, 211 адамға 3639750 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салып өндірілген. Ал, қалған 1152 заң бұзушыға ескертумен шектелген. «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» деген. Жағдайдың ертең қайта сипат алмасына кім кепіл? Ал, үстіміздегі жылдың 2 айында 34 құқық бұзушылық анықталып, 664560 теңге айыппұл салынған екен.

Сондай-ақ, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінен құрылған жедел топ 2023 жылы 9 тұлғаға әкімшілік шара рәсімдеп, 310500 теңге көлемінде, 2024 жылдың басынан бері 1 тұлғаға 36920 теңге айыппұл салып бюджетке өндірген. Әрине, бұл мақтанарлық көрсеткіштер емес.

Абай Құнанбайұлы өзінің тоғызыншы қарасөзінде өз заманындағы қандастардың теріс қылығына назаланып қана қоймай, намысын оятып, келешегінен оң өзгеріс күткен. Біз де жерлестерімізден соны күтеміз.

Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті әкімдігінің дерегіне сүйенсек, кентте 8958 тұрғын үй бар. Көшелердің жалпы ұзындығы 163 шақырым. Кент тазалығымен айналысатын «Қазалы Көркем Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестік мәліметінше, бүгінгі күні барлығы 1227 контейнер бөлініп, қолданысқа берілген. Олардың қатарындағы 54 заңды тұлғаға, 82 кәсіпкерге контейнер жеке тұрғындарға 628 темір, 463 пластик контейнерлер үлестірілген. Демек, жеке тұрғындарға бөлінген жәшіктердің мөлшерін есептемей-ақ үлкен контейнер тапшылығы болып отырғанын байқауға болады.

Өткен жылы Сыр өңірінде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен «Үлгілі елді мекен» жобасы қолға алынған болатын. Міне, осы додада біздің Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кенті «Үздік аудан орталығы» номинациясы бойынша жүлделі үшінші орынды иеленіп, біраз тазалыққа пайдаланатын арнайы заманауи техникалар берілген болатын.

2015 жылы Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінен қоқыс полигонын құрлысын салуға облыстық бюджеттен 22894,0 мың теңге бөлініп, «Сыр маржаны және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылыс жұмыстарын жүргізіп, сол жылдың желтоқсан айында айтылған нысанды пайдалануға тапсырған.

Қазіргі жетістіктерге сәйкес, экологтар заңсыз қоқыс төгу орындарын ғарыштан байқайтын мүмкіндікке ие. Аталмыш құрылғы 50 шақырым радиусты қамтуға қауқарлы. Жақында, теледидардан осындай жолмен Қазақстанның бірқатар орындарында заңсыз қоқыс полигондары анықталғаны айтылды.

Біздің мақсат, біреуді сөгу, жұмысына баға беру емес, туған жер түлеген үстіне түлей берсе деген тілек қана. Экологиялық апат аймағында өмір сүріп отырған жергілікті жұрт үшін ата қонысты аздырмай, таза ұстау – кезек күттірмейтін міндет ағайын. 

Тағы да оқыңыз: