Kyzylorda-news.kz. Автомобиль жолдары мемлекет экономикасының күретамыры екені барлығымызға белгілі. Сондай-ақ, автомобиль жолдары халықтың қарым-қатынасы мен жүріп-тұрысының арқасында дамитын әлеуметтік-мәдени байланыстардың алтын арқауы болып табылады. Сондықтан да елдегі автомобиль жолдарының сапасын, әлеуетін қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екені сөзсіз.

Осы орайда, автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин биыл атқарылған жұмыстың алдын ала қорытындыларын шығарып, келесі жылға жоспарларымен бөлісті. Яғни, биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарымен жалпы қолданыстағы 11 мың шақырымнан астам автожол қамтылған.

«Республикалық желі бойынша 4 мың шақырымда құрылыс және реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр, соның 1,2 мың шақырымын аяқтаймыз. Күрделі және орташа жөндеумен шамамен 3 мың шақырым жол қамтылды, соның 900 шақырымына жуығында жұмыстар мәресіне жетті. Жергілікті автожолдар желісіне тоқталар болсам, жөндеудің барлық түрімен 4,6 мың шақырым жол қамтылған, соның 2,6 мың шақырымы аяқталады», – деді Төлеген Абдуллин.

Осылайша, жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91 пайызғаға және жергілікті желі бойынша 85 пайызға дейін жеткізілетін болады. Сондай-ақ, Төлеген Абдуллин брифингте биыл ұзындығы 72 шақырым болатын «Подстепное – Федоровка» автожолының екі учаскесін реконструкциялау жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Қалған 2 учаскеде қаражат тарту есебінен қаржыландыру мәселесі пысықталуда.

Бұдан бөлек биыл Қызылорда облысының аумағы бойынша «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту басталғанын хабарлады. Ал Ұлытау облысының аумағындағы қалған учаскелер бойынша мердігерлік ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ жекелеген учаскелерде жобалау сметалық құжаттамалар әзірлеу жұмыстары аяқталуда. Аталған жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн.

«Әлеуетті жобаларға тоқтала кетсем, жобалау процесінде 3 жаңа жоба бар. Атап айтқанда, Орал қаласының оңтүстік-батыс айналма жолымен «Атырау-Орал», «Жезқазған-Қарағанда» және «Ақтөбе-Ұлғайсын». Жобалау жұмыстарын 2023 жылы аяқтау көзделіп отыр. Бұдан соң құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарлануда», – деді Комитет төрағасы Төлеген Абдуллин.

2023 жылғы жоспарға сәйкес жолдардың нормативтік жағдайын арттырып, сақтау үшін шамамен 3,5 мың шақырым жол жөндеумен қамтылмақ.
 

7.jpg

Тағы да оқыңыз: