Kyzylorda-news.kz. Бір уақыттары Сырдария екі ернеуін керіп аққан заман өткен. Сол кезеңдерде дарияның айналасы ну орман болған деседі. Қалың өскен қамысынан түйелі адамның өзі көрінбейді екен. Жидесі мен жидегі, жыңғылы мен тораңғысы тұтасып өсіп, тоғайына торғай тұмсық тыға алмайтындай болса керек.

Алайда, кешегі өткен кеңестік кезеңде табиғат пайдалануда жіберілген қателіктер нәтижесінде Сырдария бұрынғы мол суынан айырылды. Ол өз кезегінде дария бойы табиғатының жұтаң тартуына тікелей әсер етті. Дегенмен, «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, әлі де болса біздің өңірдің бүгінгі деңгейде сақталған тоғайлы алқабы, орман қоры біздің басты байлықтарымыздың бірі саналады.

Иә, табиғат ежелден адамзат баласы өмірінің ажырамас бөлігі болып келеді. Бүгінгі әңгіме табиғаттың негізін құрайтын орман жайлы болмақ. Ата-бабамыз «артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаған. Орманның адам өмірі үшін дем алатын ауасын оттегімен байытуда, күннің аптап ыстығынан, жел, шаң-тозаңнан қорғауда, қоршаған ортаға көрік беріп, эстетикалық жағынан орасан зор пайдасы бар. Сонымен қатар, орманның адам өміріне қажетті топырақты құнарландыруда, оның тұздылығын төмендетуде, құрылыс материалы, отын ретінде, фармацевтикалық дәрілер, жеміс-жидегін алуда, құстар мен аңдардың мекені ретінде, қысқасы, тіршіліктің өзегі саналатын қасиетке ие.

Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау, олардың өнімдерін молайту жұмыстары негізгі міндеті саналатын орманшылар өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің сақталуы, олардың өнімдерінің артуына аса мүдделі екені айтпаса да түсінікті. Ал осы игілікті іске ең қауіп төндіретін нәрсе ол тілсіз жау – өрт.

Апат айтып келмейді. Адамдардың немқұрайлығының арқасында жыл сайын ормандарымыз бен тоғайлы алқаптарымыз отқа оранып жатады. Қоқыс өртейді, серуенге шыққандар жаққан алауын толық сөндірмей кетеді. Тасталған шылымнан, сіріңкеден үлкен өрт пайда болып жатады. Сондай қысылтаяң шақта тілсіз жаумен бепте бет келетін тек орманшылар, орман шаруашылығы мекемелері ғана болып отыр. Басқа ешқандай құрылымдардың онымен шаруасы жоқ.

Шақырылған өрт сөндірушілер келіп жетем дегенше кемі екі сағат уақыт кетеді. Оған дейін қаншама байлық өртеніп кетеді. Өрттен қорғау жолақтары жүргізілген болса оның өзі өрттің жолын кесіп, кең жайылмауына сеп болар еді. Бірақ мұндай жолақтар тек мемлекеттік орман қорлары жерінде ғана тартылған.

Өрт табиғатқа орасан шығындар әкеледі. От шалған жерлердің қалпына келуі оңай емес. Аз ғана орманшылар бақылауына үлкен аумақтар бекітіліп берілген. Облыс орманшылары осыншама аумақтағы орманды өрттен, оны пайдаланудағы тәртіп бұзушылықтан қорғай отырып, оның көлемін ұлғайтумен, мемлекеттік орман қоры жерінде ағаш егумен, қала, аудандарда жасыл желек жасаумен, тұқым бақтар өсірумен белсенді түрде айналысуда.

Ал тілсіз жаумен алысу, онымен өздері ғана бетпе бет қалу орманшыларға оңай болмай отыр. Сондықтан, бұл іске мемлекет, қоғам тарапынан жаңаша көзқарас, тың шешімдер қажет.

Қорыта айтқанда, табиғат байлығын аялай білуіміз керек.

Мұхтар ҚАППАР,

Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орманды күзету және қорғау жөніндегі инженері

Тағы да оқыңыз: