Kyzylorda-news.kz.  Мемлекеттік тілде сөйлесіп, өз тілінде ойын еркін жеткізе алған жұрттың ұлттығы еш уақытта жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер ең әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.

Иә, бүгінде мемлекеттік тіл саясатына қатысты бірқатар пікірлер ашық алаңдар мен мінберлерде айтылып жүр. Сол жағалаудағы Жастар ресурстық орталығында облыстық қоғамдық даму басқармасы тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен өткен «TedX» форматта «Жастар және тіл» тақырыбындағы кездесуде біраз мағлұматтар айтылды.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын дамыту, мәдениетін қалыптастыру және жастар арасында қазақ тілінің мәртебесін арттырып, тазалығын сақтауға шақыру.

Кездесуге облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров қатысты.

Бүгінде тіл мәселесі қоғамның өзекті түйткілге айналғанын бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде айтылып, жазылып жүрген пікірлерден білуге болады. Әсіресе жастармен сөйлесу, түрлі қосымшалар арқылы хат-хабар алмасу кезінде қолданатын сөздерінің арасында тіл тазалығын сақтамайтынын байқап жүрміз. Осындай мәселелермен күресу үшін жастарға қандай бағыт-бағдар беруге болады? Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін жастар қай бағытта қандай үлес қоса алады? Бүгінгі ашық пікір алаңында осы сұрақтарға жауап іздеп, бірқатар мәселелер қамтылады, – деді А.Қамбаров.

Ашық пікірталас алаңында бірнешеше мәселелер қозғалды. Қатысушы спикерлер мен сарапшылар мемлекеттік тіл аясында өз ойларымен бөлісті.

Кездесуде облыстық Жастар ресурстық орталығы жанындағы «Ақиқат» пікір-сайыс клубының жетекшісі Айжан Орынбасар «Сахнадағы сөйлеу мәдениеті» тақырыбында ой қозғады.

Ал «Қоғамдық келісім» КММ-нің аға сарапшысы Елена Пак этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйрету мәселелері турасында кеңінен тарқатты.

Облыстық тілдерді оқыту орталығының Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Жұбатқан Танжанов «Акцентпен сөйлеу әбестік емес» тақырыбында өз ойымен бөлісті. Ол өзге тілді меңгеріп, өз тілінде сөйлей алмай жүргендердің қатары артып бара жатқанына назар аудару керегін баса айтты. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» демекші қазақ тілінде таза сөйлеп, өзге тілде акцентпен сөйлеудің еш әбестігі жоғын дәлелді мысалдар арқылы нақтылады.

Мемлекеттік тіл туралы көкейтесті мәселелерді спикерлер ғана емес кездесуге келген сарапшылар да тарқатып айтты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Аягөз Әбдіразақова тіл мәселесінің өткен ғасырдың 20-жылдары жарыққа шыққан басылымдарда жиі көтерілгенін алға тартты. Бір ғасырға жуық уақыт өтсе де әлі өзектілігін жоймаған.

Қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Әзиз Батырбеков аталған мәселеге қатысты пікірімен бөлісті. Мемлекеттік тіл саясатын жоғары деңгейде дамытуда әр азаматтың үні, қосар үлесі болуы тиіс.

Кездесуде белсенді қатысушылар басқарма басшысының Алғыс хатымен және арнайы сыйлықпен марапатталды.

 

Тағы да оқыңыз: