Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданы көлемінде «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты байқау өткізілді. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Димаш Серікбайұлы қатысып, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, оларды "Алғыс хаттармен" және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Байқаудың мақсаты – жарнама саласында тіл мәдениетін көтеру, көрнекі ақпаратта мемлекеттік тілдің сапалы қолданылуын қамтамасыз ету және сауатты жарнама үлгілерін насихаттау. Аудан кәсіпкерлері қазақ тілінде әзірленген өнім жапсырмалары мен жарнама мәтіндерін ұсынып, тілге деген құрметтерін көрсетті. Қатысушылар арасында бал, сабын, ұлттық киім, тағам және құрылыс өнімдерін өндірушілер болды.

Қазылар алқасына халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт Балтабайұлы төрағалық етіп, кәсіпкерлердің тіл тазалығына деген жауапкершілігін жоғары бағалап, жарнамадағы тіл мәдениеті – елдік пен ұлттық болмыстың айнасы екенін атап өтті. Қазылар шешімімен тілдік сауаттылық пен безендірілуі жағынан үздік шыққан жұмыстар іріктеліп, қатысушылар еңбегі ерекше аталып өтті. Аталған байқау мемлекеттік тілдің жарнама саласындағы қолданысын кеңейтуге бағытталған нақты әрі нәтижелі бастама болды.

Тағы да оқыңыз: