Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде социолингвист ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Аман Абасиловтың 60 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын және «Тіл және қоғам: әлеуметтік лингвистиканың жаңа парадигмалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шарада университеттің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Дана Абдрашева мерейтой иесін құттықтап, ғылыми-педагогикалық қызметіне жоғары баға берді. Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының құттықтау хатын табыстады. Жиын барысында ғалымға құрмет көрсетіліп, шапан жабылды.
Халықаралық конференцияға Қырғыз Республикасының, еліміздің жетекші ғылыми мекемелері мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, Т. Эрматов атындағы Бішкек музыкалық-педагогикалық институтының директоры, профессор Уланбек Мамбетакунов және отандық тіл білімінің өзге де белгілі ғалымдары болды.
Ғылыми басқосуда қазіргі қоғамдағы тілдік үдерістер, мемлекеттік тіл саясатының басым бағыттары және әлеуметтік лингвистиканың жаңа ғылыми парадигмалары талқыланды. Университеттің филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбілов мерейтой иесінің өмір жолы мен ғылыми қызметіне арналған баяндама жасады.
Сонымен қатар облыстық телеарна дайындаған «Болмыс» деректі фильмі көрсетілді. Фильмде Аман Абасиловтың ғылыми ізденістері, шешендік өнері, қазақ тіліне қызмет ету жолындағы ұстанымы мен әлеуметтік лингвистика саласына қосқан үлесі әріптестерінің пікірлері арқылы баяндалды. Ғалымның 2001–2026 жылдар аралығындағы шәкірттері де ұстаздарына арнап құттықтау сөз сөйлеп, арнайы арнау ұсынды.
