Kyzylorda-news.kz Қазіргі таңда TikTok секелді әлеуметтік желілер өте танымал. Балалар мен жастар бұл желіні күнделікті пайдаланып, к-п уақытын осында өткізеді. Десе де мұның барлығы бірдей пайдалы дей алмаймыз.
TikTok-шығармашылықты дамытуға мүмкіндік беретін құралдың бірі. Бейнематериалдарды жасау, өңдеу, шығармашылық идеялармен бөлісу - бұл балалар мен жастардың өзін-өзі дамыту мүмкіндігі. Оған қоса желілерде әртүрлі білім беру контенттері де бар. Мысалы, тіл үйрену, тарихи деректер, ғылыми жаңалықтар, өмір сүру дағдыларын дамыту сынды ақпараттар кездеседі. Мұның бәрі баланың танымдық қабілеттерін арттыруға көмектесуі мүмкін. Сонымен қатар, TikTok арқылы балалар өз достарымен байланыс орната алады, шығармашылық жоба әзірлеп, хоббиін таба алады. Әлеуметтік медианың дұрыс қолданылуы баланың өз қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді.
Дегенмен Tiktok-тың зиянды тұстары да жетерлік. Сондықтан да біршама мемлекет одан бас тартуда. Балалардың көп уақытын осы желіде өткізуі денсаулыққа теріс әсер етуі мүмкін. Бұл көру қабілетінің төмендеуіне, ұйқысыздыққа, психологиялық мәселелерге, әсіресе, әлеуметтік медиа арқылы өзін басқалармен салыстырудан туындайтын стресс пен мазасыздыққа әкелуі мүмкін. Әсіресе, жас балалардың ұзақ уақыт бойы экранға қарауы денсаулығына қауіпті.
TikTok-ғы контенттің барлығын білім беру мақсатында деп айта алмаймыз. Балалар үшін қауіпті насихаттар жиі кездеседі. Сонымен қатар балалардың жас ерекшелігіне сай келмейтін контент те өте көп. Мұндай бейнематериалдар балалардың психикасына әсер етіп, қате түсініктер мен ұғымдарды қалыптастыруы мүмкін.
Балалар күніне қанша уақыт телефонды пайдаланса болады? Бұл - әрбір ата-ананың жауапкершілігіндегі мәселе. Әлеуметтік желі қарау немесе онлайн ойындарды ұзақ ойнау баланың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін,сондықтан сарапшылар балалардың телефонмен уақыт өткізуін шектеуді ұсынды. Балалар үшін күніне 1-2 сағаттан артық экран алдында отыру зиян. Бірақ бұл мерзім тек ойындар немесе әлеуметтік желілер үшін ғана емес, жалпы экран алдында өткізілетін уақытқа байланысты.
Баланың жас ерекшелігі мен психологиялық жағдайына қарай,уақытты дұрыс бөлу керек. Мысалы, 2-6 жас аралығындағы балалар үшін күніне 1 сағаттан артық экран қарау дұрыс емес. 6-18 жас аралығындағы балалар үшін күніне 2 сағаттан аспағаны дұрыс.
Ата-ананың міндеті - баласының уақытын, қандай контентті көретінін, кімдермен араласатынын бақылау. Баланың телефон қолдануында шектеулер орнату және онымен ашық сөйлесу. Тек бақылау ғана емес, балаға ғаламтордың қаупі туралы түсіндіріп, оларды дұрыс пайдалануға үйрету де қажет.
Телефондағы жасырын кодтарды немесе бақылау құралдарын пайдалану ата-ананың баласына қадағалау жүргізуінің бір түрі. Мысалы, ата-аналар арнайы қолданбалар арқылы баланың желідегі әрекеттерін бақылап,уақытты шектей алады. Тек техникалық құралдармен бақылап қана қоймай, баламен ашық әңгімелесу, оған интернеттің қауіпті тұстарын түсіндіру де маңызды.
P.S TikTok пен басқа да әлеуметтік медиа платформалардың бала өміріне әсері екі жақты. Олар шығармашылықты дамытуға және білім алуға мүмкіндік береді, бірақ оларды дұрыс қолданбау психологияға және денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін. Жуырда 7 жасар баланың TikTok-та көрген ақпараттың кесірінен ауыр дертке шалдыққанын оқыдық. Сондықтан баланың телефон қолдану уақытын бақылауға, қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге жауапкершілікпен қарауы керек.
Аруза АЛБЕКҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің 1-курс студенті
Фото: Нұрболат Нұржаубай