Kyzylorda-news.kz Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда «Жылыту маусымының өтуі туралы» және «Жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары туралы» мәселелер қаралды. Бұл жиындағы міндеттер бойынша қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатов тиісті сала жетекшілеріне бірқатар тапсырма жүктеді.
Қалада 1648 нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Оның 879-ы көпқабатты тұрғын үй, 769-ы әлеуметтік нысан және жеке секторлар. Барлық нысанға жылу толығымен жеткізілген, маусым кедергісіз өтуде.
– Жылу беру маусымында барлық шараларды пысықтап отыруымыз қажет. Апаттық бригадалар мен арнайы техникалардың тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруымыз керек. Орын алған ақаулар мен халықтан түскен қандай да бір шағымдар шұғыл қалпына келтірілуі тиіс. Сондай-ақ, қала тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Аталған бағыт бойынша күнделікті есеп алынып, тиісті жұмыстар жүргізілсін,-деді Нұржан Сәбитұлы.
Жылу беру маусымы басталғаннан өрт қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдер арта түсетінін белгілі. Әсіресе, жеке секторлар мен кәсіпкерлік нысандарда пештерді дұрыс пайдаланбау, электр жылыту құрылғыларын талапқа сай қолданбау, электр желілерінің шамадан тыс жүктемесі салдарынан түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Осыған байланысты барлық нысандарға күнделікті тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Шаһар басшысы тиісті сала жетекшілеріне қала аумағында, әсіресе жеке секторда өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық аралау жұмыстарын күшейтуді, пешпен жылытылатын тұрғын үйлердің мұржаларын тазалау, пештердің жарамдылығы және электр сымдарының қауіпсіздігі бойынша тиісті шараларды жүзеге асыруды тапсырды.
