Kyzylorda-news.kz. Мына заман дамимын деген кез келген жанға зор мүмкіндік береді. Оған технологияның да үлесі зор. Әсіресе, иненің көзін сабақтап, тігін тігіп, тіршілік етіп жүрген жандар үшін қарекет қылу бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл. Өйткені оларға мемлекет те үлкен мүмкіндік қарастырған. Бизнес ашқысы келетіндер кез-келген уақытта өз жобасын қорғап, мемлекеттің берген игілігін пайдаланып, арнайы грант та жеңіп ала алады. Алайда жұмыстың оңай жоқ екені белгілі емес пе? Бірақ біздің арамызда көптеген мүмкіндікті пайдаланып, жоқтан бар жасап, істің көзін тапқан жандар жетерлік. Солардың бірі – Нұргүл Бақымова. Он саусағынан өнер тамған кейіпкеріміз бүгінде кәсібінен нәсіп көріп отырған жанның бірі.

Қаламымызға арқау болып отырған кәсіпкер – Нұргүл Бақымова қазіргі таңда бала баққан келіншек қана емес, жеке бизнесін ашып отырған жан. Және көпке үлгі болып, қолынан іс келетінін дәлелдеген мықты маман. Олай деуімізге себеп көп. Себебі Нұргүл «Атамекен» кәсіпкерлік палатасындағы «Бастау Бизнес» жобасын жеңіп алып, мемлекеттің берген мүмкіндігін пайдаланып, шағын шеберхана ашқан. Ортақшыл ауылында өмірге келген кәсіпкер бүгінде Бидайкөл ауылының тұрғыны. Ол – үлгілі келін, аяулы жар, бақытты ана. Ауыл тұрғыны болса да, ауқымды істерге құмар кейіпкеріміз алғашында аудандағы оңалту орталығында талай жылдар бойы еңбек нұсқаушысы болып жұмыс істеген. Біраз жыл шәкірт тәрбиелеген Нұргүл осы уақытқа дейін бар білгенін өзгелерге үйретіп, қаншама жанның жеңімпаз болуына себепкер болған. Одан бөлек бірнеше мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушыларға білім беріп, абыройлы қызмет атқарған. Алайда оның жан-жүрегі кәсіпкер болуды қалап, үш жыл бұрын осы салаға бет бұрып, тынымды тірлігімен талай жанның сүйіспеншілігіне бөленді. «Қанмен келген қасиет қара жерге жанмен бірге сіңеді» демекші, Нұргүлдің тігінге қызығуы оған әжесі мен анасынан берілген қасиет. Ал сол қасиетті ары қарай алып кетіп, дамыту – өнер. Оның осы өнері бүгінде тіршілігін түзеуге ықпал етуде. Иә, көп балалы ана қазіргі таңда кәсібінен нәсіп көріп, арнайы грант жеңіп алып, тігін машинасын сатып алды.

Кейіпкеріміз бүгінде аудан тұрғындары үшін қолжетімді бағада әртүрлі киімдерді тігіп, ел алғысына бөленіп отыр. Ол тіпті әлеуметтік желіде де белсенді. Сол арқылы Нұргүлдің қолынан шыққан бұйымдарға көптеген тапсырыстар түсіп, сұраныста артып келеді.

«Мен бала күнімнен тігінге құмар болып өстім. Тігіншілік – менің бір хоббиім іспеттес. Бұл іс жаныма рахат сыйлайды. Қазіргі таңда мен 5 баланың анасы, бір әулеттің келінімін. Өздеріңіз көргендей, шағын шеберхана ашып, табыс тауып отыр¬мын. Тігін тігудің өзі үлкен өнер. Ал мұндай өнер маған анамнан берілген қасиет. Кішкентай кезде, құрақ құрап, ұршық үйіруді маған анам үйреткен. Сондықтан анамның құрметіне шеберханама «Фатима» деген ат бердім. Оның өзі мен үшін үлкен жетістік. Бұл ісімді мемлекет тарапы да қолдап, қайтарымсыз қаражат бөлді. Әрине, ол ақша маған маңдай термен келді. Бизнес жоспарымды әзірлеп, сертификат алдым. Қазіргі таңда мен де үйде отырған жас анамын. Тапсырыс өзім тұрып жатқан ауылдан ғана емес, ауданнан тіпті қаладан да келеді. Керек десеңіз, еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс қабылдаймын. Ұлттық өнерді жаңғыртып, құрақ көрпешелер, көрпелер, қыз жасауларын, жас келіншектерге арналған сәнді орамалдар мен қамзолдар тігіп жүрмін. Аллаға шүкір, шеберханама келіп түсетін тапсырыстар өте көп. Қолөнерімнің арқасында мен бес баламды осы Құдайдың берген кәсібі арқылы асырап отырмын», – дейді жас кәсіпкер.

Хәкім Абай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп бекер айтпаса керкек-ті. Рас. Еңбек пен ақыл адам баласын ешқашан жолда қалдырмайды. Еңбек еткен жан әрдайым қатардың алдында жүреді, қиындыққа ширайды, көпке үлгі болады. Оған Нұргүл Бақымова дәлел. Ал ауданда Нұргүл секілді іскер, майталман келіншектер көбейсе, кәсіпкерліктің тасы өрге домалайтыны анық. Ал өңірдегі бизнес дамыса, ол ауданның бәсі биіктеп, мәртебесі артаныны сөзсіз.

Тағы да оқыңыз: