Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы қазақстандықтарға арнаған дәстүрлі Жолдауындағы басымдықтардың бірі – елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы елді мекендер мен аудан орталықтарындағы жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамту және сол арқылы ел экономикасын нығайту болып табылады. 

Міне Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыруда, Жолдауда айқындалған бағдарламалар арқылы кәсібінен нәсібін тауып жүрген аудан тұрғындарының бірі – жеке кәсіпкер Әсемкүл Сержанова. Өңірімізде орта және шағын кәсіпкерлікті дамытушылар, оның ішінде нан өнімдерін өндірушілердің алғашқы қарлығаштарының бірі – Әсемкүл Итемерқызы бүгінде кәсібін ұлғайтып, өңір тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан білікті мамандар қатарынан саналады. 

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында елімізде өткен тоқырау да өзін тік ұстап, көпке таныс емес жаңа кәсіпті бастаған ол «Салтанат» шағын наубайханасын ашып, кент тұрғындарын нанмен қамтамасыз етуді бастады.Әсемкүл Итемерқызы басқарған «Салтанат» шағын наубайханада еңбек ететін еңбеккерлер өндірген нан өнімдерінің 17 түрі Жосалы кентіндегі көптеген сауда орталықтары мен балабақшаларға таратылуда. 

Сонымен қатар, кәсіпкер иелік ететін орталық алаңда орналасқан екі қабатты заманауи үлгідегі «Раушан» сауда орталығында гүлдер, сыйлықтар, ойыншықтар мен басқа да тұрмысқа қажетті тауарлар сататын дүкендер, сонымен қатар «Сән салоны» мен басқа да кәсіпкерлік қызмет түрі тұрғындарға сапалы қызмет көрсетеді.

– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы еліміз үшін қиын кезең болды. Оның ішінде өндірісі, зауыт-фабрикасы жоқ біздің аудан халқына қиынға соқты. Аудандағы мекеме, кәсіпорындар атаулысы тоқырауға ұшырап, жұмыс орындары қысқарды. Көптеген адамдар жұмыссыз қалып, елде жаппай жұмыссыздық белең алды. Расын айту керек, отбасын асыру үшін біздер неге бармадық. Күнкөріс қамын ойлап, бала-шағаның болашағы үшін пойыз мініп, ел араладық. Түркістаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ресейден киім-кешек, азық-түлік тасыдық. 

Бірақ, алға қойған мақсатымызға жетуде күндіз-түні тынбай еңбек еттік. Ауданның, атап айтқанда кәсіпкерлер анасы атанған Шынар Махмутова, Үрзада Бекмұрзаева, Сұлу Досниязова, Күлпаш Асарбаева, Рабиға Балғабаева, Жомарт Жаппасбаев, Алмас Қаржаубаев, Серғали Ешниязов, ағайынды Бақтияр мен Нұрбол Жұмабекұлы сынды ауданның кәсіпкерлік саласындағы алғашқы қарлығаштармен қоян-қолтық еңбек етіп, бүгінде сол бейнеттің зейнетін көріп отырған жайым бар.  «Еңбек – ер атандырады» дегендей, біршама жылдан кейін кәсіпті терең меңгеру мақсатында отағасым Камалмен ойласа отырып наубайхана аштым. Аллаға  шүкір,  жылдар өте еңбегім Жосалы кенті тұрғындарынан  қолдау тауып, кәсібім кеңейе бастады. Ел-жұрт өзім басшылық еткен наубайхана өнімдеріне сұраныстарын кеңейтті.Тіпті, нан өнімдерінің түрін де ұлғайтып, тапсырыс артты. Ал, бүгінде өзім басшылық жасайтын ұжымда 25  маман, өз ісінің шебері атанып, кент тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде.  Әрине, қызметкерлерімнің басты мақсаты өздерінің үлгілі еңбектерімен ел ықыласына бөлену, ал менің басты міндетіме келсек, еңбектің берекесін келтіріп отырған жұмысшыларыма  жоғары жалақы тағайындап, олардың жан-жақты жұмыс істеулеріне жағдай жасау. Әрине, ол міндетті түрде орындалуда.Ұжымдастарымның әрқайсысы өздеріне жүктелген жұмыстарды сапалы әрі жауапкершілікпен атқарады. Мен оларға ризамын. Өйткені, олардың барлығы наубайханада ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әрине,  жұмыс беруші мен жұмыскер арасында жақсы қарым-қатынас, сыйластық бар деген сөз. Наубайханашы  құрметті мамандық. Оның еңбегі де, жүрегі де адал десем жалған емес. Алдағы жылдарға мақсатты жоспарлар көп.  Кәсібімді әлі де ұлғайтып,  өрісімді кеңейту жоспарда бар. Осы бір жалған бес күндік фәниге  пенде болып келген әрбір  адам туған халқына адал қызмет етуі міндетті. Мен де туған елімнің өсіп-өркендеуіне перзенттік үлесімді қоса беремін, – дейді кәсіпкер Әсемкүл Итемірқызы. 

Иә, «Еңбек түбі-береке»  деп дана халқымыз айтқандай, өзінің өнегелі өмір жолмен көпке үлгі болған  Әсем Сержанованың  алған асулары да аз емес. Ол аудандық мәслихаттың екі шақырылымына депутат болып сайланса, бірнеше рет облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ  облыс, аудан әкімдерінің алғыстарымен бірге мемлекеттік және мерекелік медальдармен, салалық төсбелгілермен марапатталды.  

Сала майталманы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатының иегері. Астана қаласында өткен республикалық «Атамекен» және «Қанатты әйел» форумдарына Сыр бойы кәсіпкерлері атынан делегат болып қатысты.
Міне, бүгінде  өзінің іскерлігімен, ұлтжандылығымен, өнегелі өмір жолымен ел құрметіне бөленген кәсіпкер ана Әсем Итемерқызы жары, марқұм Камалмен бірге үкілеп өсірген ұл-қыздарынан тараған ұрпақтарының қызығын көріп отырған бақытты ана.

Тағы да оқыңыз: