Kyzylorda-news.kz. Ел тәуелсіздік алғалы солтүстік өңірлердегі көштің ағыны тоқтаған емес. Әріге бет түзегендер мен нәсіп тартып ірі қалаларға қарай үдере көшкендердің есебі қисапсыз. Содан-ақ біздегі жұмыс күшінің тапшылығы сезіледі. Жасыратыны жоқ, оңтүстік пен батыс өңірлердегі біршама отандасымыз екі қолға бір күрек таппай жүр. Аймақтардың еңбек ресурстары арасындағы осы мәселені жою үшін арнаулы мемлекеттік бағдарлама түзіліп, жүзеге асты.

Мәліметтерге сүйенсек, осы аралықта оңтүстіктің 30 мың тұрғыны теріскейге табан тірепті. Жалпы бағдарламаның тиімділігі қандай? Осыдан бірнеше ай бұрын солтүстікқазақстандық атанып, көпшілікті теріскейге көшуге шақырып жүрген қоғам белсендісі Бурахан Дақановпен әңгімелесіп, аймақтан солтүстікке көшкендермен байланыстық.

Бағдарламаны баяндасақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа жолдауында елдегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару – мемлекет жүргізіп отырған ең ұтымды бағдарламалардың бірі дейді мамандар. Былтырғы дерек бойынша осындай өңірлерге жалпы саны 1437 адам (412 отбасы) көшкен. Оның ішінде 744 адам еңбекке қабілетті жаста. Еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің ішінен 319 адам жаңа тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастырылған.

Жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы — еңбек нарығын дамыту және тұрғындардың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша қосымша шараларды қабылдау. Сондай-ақ жұмыс күші тапшы өңірлерді жандандыру. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыру үшін Үкімет айқындайтын өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын адамдарға мемлекеттік қолдау шаралары да көзделген.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ерікті қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Қоныс аударған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі де жалғастырылатын болады. 2020 жылы қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 6 379 адам (1 878 отбасы) мөлшерінде белгіленген. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты осы еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды қарастырады. Бағдарламаға қатысушылар жұмыс күші көп облыстардан жұмыс күші тапшы облыстарға ерікті түрде қоныстандырылады. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ, Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларынан қоныс аударушылардың өтініші қабылданса, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына жұмыс күші қажет-ақ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жоспары бойынша 2021-2022 жылдары солтүстік Қазақстан облысына 12,2 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде 2021 жылы – 4,2 млрд теңге, ал 2022 жылы – 8 млрд теңге. Бұл еңбек күші артық өңірлерден қоныс аудару- шылар үшін тұрғын үй сатып алуға арналған қаражат. 1,7 мың дайын бір пәтерлі үй сатып алу жоспарлануда. Былтыр – 714, ал биыл – 1 мың.

Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан жұмыс күші артық өңірлер деп аталды. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмысшылар жетіспейді.

Еңбек министрлігінің ақпаратына сәйкес, отбасының әрбір мүшесіне көшуге біржолғы төлем 35 АЕК (2021 жылы 102,1 мың теңге) құрайды. Сондай-ақ, тұрғын үйді жалдап, оның коммуналдық қызметтеріне де ақы төлеу бойынша қаражат қарастырылған.

Егер жұмыс іздеп солтүстікке көшкіңіз келсе, тұрғылықты жердегі Жұмыспен қамту орталығына барып, кеңес ала аласыз. Мекеме мамандары сізге кеңес беріп, көшіп барғыңыз келетін солтүстік өңірден жұмыс қарастырады. Өңірмен танысу сапары, көшіп-қону шығыны, жұмыс беру және баспанамен қамту мәселесін түгелдей көшіп баратын өңір өз мойнына алады. Сізден тек өміріңізді өзгертуге деген батылдық қана талап етіледі.

«Тáuekel»-ге тәуекел керек

«Көш жанашырлары үшін жақсы жаңалық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген жиынында Оңтүстік өңірлерден Солтүстікке көшу мәселесін дамыту жайлы, онымен қоса сырттан келген қандастарды Ел ішінде ұтымды жайғастырып, оларды бизнеске, қызметке икемдеудің жаңа жолдарын ойластыруды тапсырды. Көш мәселесі ғасырлық маңызға ие бағыт болғандықтан бұл тақырыпқа президенттің назары түскеніне өз басым қатты қуанып отырмын» деп бастады әңгімесін қоғам белсендісі Бурахан Дақанов.

Ол соңғы кездері қолға алып жатқан жарқын жобасын да таныстырып өтті. Осыған дейін өзі Солтүстікке көшіп, көшіп қана қоймай бірнеше адамның көшуіне септігін тигізіп жүрген қоғам белсендісімен байланысу қиынға соқпады. Содан-ақ оның жан-жақтылығы мен оперативтілігін аңғардық.

«Көш мәселесі» ендігі жаңа қарқынмен жүреді деп ойлаймын. Осыған орай, Президенттің көшті реттеуге байланысты тапсырмасын іске асыру, нәтижелілігін арттыру мақсатында құрылып жатқан көші-қонмен басы-байлы айналысатын «TÁUEKEL» қоғамдық бірлестігі жайлы бірауыз айта кетсем. Бірінші, бұл ұйым Теріскей аймақтарына өз қатарынан бұрын көшіп келген, енді қоныстанып жатқан немесе енді көшуге ниеті бар адамдарды бір арнаға жинап, бір-біріне өзара көмек көрсетуіне, дамуына мүмкіндік береді. Екінші, бұл ұйымның өзіндік жеке қоры болады. Қор керек, себебі Күнгейден Теріскейге көшкісі кеп, бірақ баратын қаражаты болмай, тегін үйге жете алмай отырған қазақ өте көп. Қор арқылы оларға көмектесу тетіктерін қарастырамыз. Бұл бір жағы, басқа тұстары да жетерлік. Үшінші, 112 немесе 103 деген секілді нөмірі бар Колл орталығы болады. Осы көш мәселесімен айналысқалы бері маған күн сайын кем дегенде 20 адам телефоныма хабарласып, әлеуметтік желілерге хат жазады. Шыны керек, физикалық тұрғыда үлгермей жатырмын. Егер ойлағаным іске асып, үгіт насихатты республика деңгейінде жүргізетін болсақ ай сайын кемінде 2000 қоңыраудан артық қабылдап, өңдейтін боламыз. Және де осы Колл орталыққа бекітілген һәм әртүрлі жағдайда уақытылы көмек көрсететін ситуативтік орталық (Ситуационный центр) болады. Өйткені «TÁUEKEL»-дің функциясы көшем дегендерге ақпараттық қызмет көрсетумен ғана шектелмейді. Біз көшіп келіп, осында тұрып жатқандардың мәселесін, арыз шағымдарын жинақтап, шешуге де атсалысамыз. Төртінші, Теріскейге көшуге ниеті бар адамдар жайлы толық мағлұмат яғни отбасы мүшелері, мамандықтары, көшкісі келетін жерлер жайлы критерийлері жинақталған үлкен ақпараттық базамыз болады. Яғни, көшуге ниеті бар адамды осы бір ақпараттар арқылы оған лайық жер іздеп, сасқалақтатпай, бірден ұясына қондыру мәселесімен тікелей айналысамыз. Бесінші, Дүниежүзі Қазақ қауымдастығы және Отандастар қорымен біріге отырып, шетелден келетін қандастарды күтіп алушы, жерсіндіруші тараптың рөлін алуға тырысамыз. Яки, қандастарға барынша көмектесіп, Солтүстікте мекендеп қалуына жағдай жасауға барымызды саламыз. Қандастарға көмек беретін адаптациялық орталығымыз болады. Бесінші, Теріскей аймақтарында жұмыс көзін көбейтіп, жұмыссыздықты азайту мақсатында инвесторлар тарту немесе бизнесмендерді, малшы шаруаларды көшуге үгіттеу және көшіп келген ағайындарды кәсіп ашуға барынша үгіттеуге, баулуға тырысамыз. Айта берсем көп, сөздің ашығы, бұл қауымдастықтың басты мақсаты – Үкіметтің жасап берген көші-қон бағдарламасының нәтижесін максималды арттыру болып табылады. Қысқаша айтқанда билікке көмектесеміз. Сол себепті Үкімет тарапынан барынша қолдау күтемін» дейді ол.

Адамдар көшіп жатыр. Неге көшеді? Оңтүстіктен қарағанда солтүстіктен жұмыс табу мүмкіндігі молырақ. Бұрын Ақмола жерінде осындай керемет қала болады деп ешкім ойламаған. Аяқ астынан елорда салынды. «Сәл аз ақшаға бұл жақтан үй ала алмайсыз. Сол себепті меніңше, қазақ неғұрлым жер иесі болуға тырысуы керек» дейді ол әңгіме барысында.

Оның айтуынша, Қазақстанның солтүстігінде қаңырап қалған ауылдар өте көп. Ал халықтың біразы қазір сол жаққа көшіп, жерді иеленіп, 2-3 гектар жер алса, сол жердің құны 100 жыл өтсе де түспейді.

«Қуаңшылық кезінде Құрмет көп шаруаға көмектесіп, малдың көбін сақтап қалды. Құрметтің көмегімен Маңғыстаудағы және Қызылордадағы мал иелерінің бәрін болмаса да, көшкісі келетін адамдарды көшіргіміз келеді. Қазақ көшпелі халық болды. Не үшін көшті? Малдың ыңғайы үшін қоныс аударып отыратын. Қызылорда мен Маңғыстау облысында қуаңшылық болуы әбден мүмкін. Ал біз жақта жерді белден қазсаң, қара топырақ. Шөбі шүйгін. Неге көшпеске? Қаншама бос ауылдар жатыр. Инфрақұрылымы сақталған елді мекендер көп. Мысалы, Балуан деген ауылдың жанында көлі бар. Шал ақын ауданының орталығы Сергеевкадан да қатты алыс емес» дейді Бурахан Дақанов.

Оның сөзіне қарағанда солтүстікке келген адам ұлтына қызмет қылып қана қоймай, өзіне қызмет етіп, малын өсіріп, жағдайы жақсарады.

Оңтүстіктен – шал ақынға

Телеграм әлеуметтік желісінен «Теріскейге жорық» деген чатқа қосылдық. Мұнда 4 мыңға жуық адам бір-бірімен байланысып, жөн сұрасып отырады. Біз де жазып, Солтүстікке көшкен қармақшылықтарды іздедік. Бірер минуттан соң жекеге бір кісі шықты. Өзі осы өңірден көшкенін, қазір әпкесі де солтүстікте қоныстағанын жеткізді. Байланыс нөмірін алып, жалма-жан хабарласа кеттік.

Ә дегеннен әңгімесін әріден бастаған – Шолпан Әлмаханова еді. Қармақшының тумасы, Байқоңырдан Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын ауданына көшіп барған.

«Солтүстікті қазақыландыру мақсатында жүзеге аса бастаған бағдарлама бойынша қоныс аудардық. Бірде мектептегі құрбым хабарласты. Солтүстікке көшіп, жұмыс істеп, нәпақа табуға болады. Жағдай жасалады екен деді. Ол жаққа көбі сол жұмыссыздықтан, тығырыққа тірелгеннен қоныс аударып, кәсібін бастайды ғой. Өзім 20 жылдан астам уақыт Байқоңырдағы қазақ мектебінде ұстаз болдым. Осы бағдарламаны естіп, білген соң қызым екеуміз тәуекел еттік те сөмкемізді жинадық. Әрине, туысқандарымыз, жақындарымыз қарсы болды. Енді оңтүстіктен тым жыраққа аттанған оларға оңай тисін бе? Сонымен қалаған ауылымызды таңдап, 2017 жылдың тамызында көшіп келдік. Балуан деген ауылға бардық. Қазақы ауыл болғанымен мұнда бала саны аз болды. Мектеп жабылуға сәл қалған екен. Одан соң Семиполкаға келдік. Бұл жерде менің мамандығым бойынша жұмыс табылмады. Содан барлық жермен сөйлесе, ақылдаса келе Шал ақын ауданындағы Ступинка ауылына тұрақтадық. Келісім-шарттағы 5 жылым аяқталды. Ауыл өте керемет. Табиғатын айтып жеткізе алмаймын. Өзім Байқоңырда жүргенде қан қысымымен тіркеуде тұратынмын. Ал мұнда келгелі бір де бір рет басым ауырған емес» дейді бүгінде солтүстікқазақстандық атанған жан.

Біз де қызыға сурет, видеолар сұрадық. Бірер минуттың ішінде әсем табиғаттың куәсі болдық. Айнала жасыл желекке толы. Біздікіндей аптап ыстық та байқалмайды. Табиғат аясында балық қуырып, демалуға шыққан шат шадымен жүздерді көріп біз де қуанып қалдық.

«Адам саны аз болғандықтан, солтүстік өңірге оңтүстік жұртын көптеп тарту қажет. Шөбі шүйгін, табиғаты тамаша қазақтың кең-байтақ даласында қазақтың қарадомалақтары көп болуы тиіс!» дейді кейіпкеріміз сөз арасында. 

Айта кеткен жөн...

Былтыр 8 мыңға жуық қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған. 2022 жылы «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасын (бұдан әрі – Ұлттық жоба) іске асыру шеңберінде Қазақстанның еңбек тапшылығы бар өңірлерінен 7 923 адам өз еркімен қоныс аударды, оның ішінде 1 320 қандас және 6 603 қоныс аударушы бар. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.

Ұлттық жоба шеңберінде қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:

1) көшуге арналған субсидия – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде;

2) отбасы мүшелерінің санына және елді мекенге байланысты 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;

3) қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу;

4) жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу.

Өткен жылы қоныс аударғандардың ішінде 3 652 адам еңбекке жарамды, олардың 2 811-і тұрақты жұмысқа орналастырылған. Біржолғы субсидиялар 7 622 қатысушыға төленді, ал 5 633 азаматқа тұрғын үй шығыстары субсидияланады.

Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір жұмыскер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.

Еңбек тапшылығы бар өңірлерге қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланған қазақстандықтар олардың өміріндегі оң өзгерістерді атап өтті. Солардың бірі Нұрболат Мәдиев. Ол Қызылордан Қостанай облысына көшті.

«2019 жылы мен болашақ әйеліммен бірге Әулиекөл ауданына көшіп келдім. Қазір аудандық ауруханада массажист болып жұмыс істеймін. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастым. Мен барлық қолдау шараларын алдым, барлығына ризамын, Мұндай бағдарламалар көп болса жақсы болар еді» дейді қоныс аударушы.

Нұрболат Мәдиев жұбайымен осында көшіп келгеннен кейін үйленді. Оның жұбайы аудандық ауруханаға гинеколог болып жұмысқа орналасты. Жас отбасы қазір екінші сәбиді күтуде.

«Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2023 жылға арналған өңірлік квотасы 8 652 адамды құрайды, оның 1,9 мыңы қандастар үшін, ал 6,7 мыңы – қоныс аударушылар үшін көзделген. Қазіргі уақытта Министрлік 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасын қабылдады, ол іске асыру үшін жұмыс орындары құрылатын және қолданыстағы бизнес-жобалар кеңейтілетін солтүстік және орталық өңірлерге ішкі қоныс аудару тетігін қайта қарайды.

«Бұдан басқа, тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтарға жаңа тұрғылықты жері бойынша 4 млн теңгеге дейінгі мөлшерде тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек алуға мүмкіндік беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Іске асырылып жатқан шаралар халықты қоныстандырудың өңірішілік диспропорциясы проблемаларын шешуші рөлін атқарады» деп атап өтті ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының м.а. Ілияс Испанов. 

Айнұр ӘЛИ

 

Тағы да оқыңыз: