Kyzylorda-news.kz.  Тереңөзек кентінде құс шаруашылығымен айналысып, кәсібінен береке тауып отырған азамат бар. Ердос Мейрамбекұлы 1992 жылдың төлі. Жоғарғы білімді азамат Алматы қаласындағы еліміздің ең ірі оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Арманы асқақ, мақсаты анық жігіт үлкен қалада білім алып, тәжірибе толықтырғанымен «Ер – туған жерге» деген тәмсілді ұмытпай, ат басын туған жерге бұрған.

Ердос алғашқы кәсібін 2017 жылы ашты. Тұрғындардың сұранысына сай қоғамдық монша ашты. Кәсіппен шұғылдануына мемлекет тарапынан қолдау тапты. Түрлі бағдарламалар арқылы қайтарымсыз грант алып, қаржысын кәсіпкерлікке салды.

2018 жылдан бастап құс өсіруді қолға алған ол құстарға ерекше күтім мен уақыт қажет екенін айтады. Құс шаруашылығы – ауыл шаруашылығының ең жаңа әрі ең қарқынды дамып келе жатқан саласы. Адам ағзасына қажетті нәруызды алуда құс жұмыртқасы мен етінің маңызы ерекше. Қауырсыны тұрмыс қажеттілігін өтесе, саңғырығы – сапалы тыңайтқыш. 

– Мемлекетіміз кәсіппен айналысам дегендерге ұдайы қолдау көрсетеді. 2019 жылы жастардың кәсіппен айналысуына берілетін мемлекеттік грант 505 мың теңгеге қол жеткіздім. Ол қаржыға инкубатор сатып алып, жұмысты жандандыра бастадық. Кейін осындай мемлекеттік бағдарламаларды жібермей қарап отыратын болдым. Түрлі конкурстарға қатысып, нәтижесінде 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант негізінде қайтарымды көлемді қаржыны жеңіп алдық. Ол ақшаға кәсіпті үлкейтуге септігін тигізетін, бір дегенде 500-1000 балапан басып шығаратын инкубатор алдық. Қазір шаруа біршама жолға қойылды, – дейді өз кәсібін жетік меңгерген Ердос Мейрамбекұлы.

Қазіргі таңда 2000-дай балапан өсіріп отырған кәсіп иесі тауықтың қазақы тауықтан өзге түрлерін өсіріп, көбейтуді қолға алған. Жұмыртқаны шет елдерден алғызып, күтімін жасап, көбейтіп, жұмыртқа мен құс етін арнайы мамандардың рұқсатымен ірі сауда орталықтарына өткізеді. 

Чехиядан арнайы тауық жұмыртқаларын алдырған кәсіпкер қазіргі таңда ломан браун, леггорн, кобб 500 деп аталатын тауық түрлерін өсіріп отыр. Алғашқы екеуі өнімді, тез көбейгіш қасиетке ие болса, кейінгісі ет бағытындағы құс саналады.

– Жұмыртқалағыш және етті бағытта өсірілетін тауықтың тұқымдары бар. Қай шаруаның да оңайы жоқ. Десек те, дәл осы құс түрінің арнайы күтімі бар. Таңнан кеш батқанша бір адамның басы-қасында жүруін талап ететін жұмыс. Оған бізде арнайы маман бар, – дейді жеке кәсібі айналасында жалпы 4 адамды жұмыспен қамтып отырған Ердос Бақторазов.

Ердос алғашқы ашқан кәсібі монша қызметімен қатар қазір құс өсіруді меңгерген. Аудандағы «Керемет» моншасының жұмысын жандандырып, тұрғындарға керемет жай жасап жүрген кәсіпкер құс етімен, жұмыртқамен дүкендерді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Ердос кенттен құрылыс заттары дүкенін де ашты. Дүкеннен тұрғындардың құрылысқа қажетті заттарды тиімді бағамен сатып алуына мүмкіндік жасаған.

Өз шаруасын дөңгелетіп, кәсіптен береке тапқан Ердос Мейрамбекұлы – «Бір қолың бергенді, екінші қолың білмесін» дейтін Атымтай Жомарт жан. Ол үнемі қайырымдылық іс-шараларға атсалысып, елдің батасын алып жүреді.

Түрлі кәсіптің басын құрап, өз ауласында отырып-ақ әртүрлі шаруаны шыр айналдырған Ердос еңбексүйгіштігінің арқасында табысқа кенеліп отыр. Екі қолға бір жұмыс таба алмай отырған азаматтарға жас кәсіпкердің ізденгіштігі мен еңбекқорлығы үлгі болса игі.
 

Тағы да оқыңыз: