Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары Сырдария ауданының орталығын абаттандыруға айрықша назар аударылып келеді. Балаларға арналған ойын алаңдарын салу, көшелерді жөндеу, аяқ жол мен көше жарығын толыққанды жүргізу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл ретте, өткен жылы басылым бетінде бірнеше рет көтерілген А.Алиакбаров көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй ауласын абаттандыру мәселесі өз шешемін тапқан болатын. Осы күні көпқабатты тұрғын үй маңайында абаттандыру жұмысы толықтай аяқталды.

Негізінен, тұрғындар өтінішіне сәйкес, тиісті жоба жасалып, облыстық бюджетке ұсынылған еді. Өткен жылы облыстық бюджеттен қаржысы шешілген 9 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмыстарын жүргізуге «АСАНАСДАР» ЖШС бекітілді. Бірнеше ай бойы жүргізілген құрылыс жұмыстарын аталған мекеме толықтай тәмамдады. Анығын айтқанда, көшедегі 9 үйдің ауласына 9 автотұрақ салынды. Әр үй алдына демалуға арналған орындықтар, кір жаюға керекті орын белгіленген. Арнайы 6 кілем қағуға арналған орын, 23 қоқыс салатын жәшік орнатылған. Жолдары жөнделіп, ыңғайластырылған жаяу жүргіншілер жолы салынған. Балғын бүлдіршіндер үшін 4 ойын алаңы, футбол мен баскетбол ойнайтын 1 алаң тұрғындар игілігіне берілді. Сонымен бірге 2 дәретхана мен қоқыс тастайтын арнайы орын қойылған. 

 Біз бірнеше жыл бойы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру мәселесін көтерген едік. Өткен жылы абаттандырылу жұмысы қолға алынғанда ерекше қуанышқа кенелдік. Қазіргі уақытта ауламыз жаңарып, көшемізге ерекше сән беріп тұр. Себебі, ойын алаңдарында балалар спортпен жан-жақты шұғылдануда. Бұрын ауламызға кез келген автокөлік кіре алмайтын. Қазіргі уақытта тегіс жолмен көліктердің қатынауына жағдай жасалды. Тазалық мәселесі де назардан тыс қалмағандығы қуантады. Ендігі кезекте, тұрғындар жасалған дүниені барынша ұқыпты пайдаланса деген тілек бар, – дейді көше тұрғыны Әділбек Дүржанов. 

Айта кетейік, осы жылы барлығы 780 млн теңге қаржыға Тереңөзек кентінде абаттандыру, жол жөндеу, ауыз су құбырларын жөндеу, аяқ су жүргізу, жаңа ықшам аудан инфрақұрылымын жүргізу жұмыстары жүргізілмек. Бұған дейін тұрғындар тарапынан көтерілген Б.Момышұлы көшесі мен И.Тоқтыбаев көшесін жөндеу жұмыстары жалғасатын болады.
 

Тағы да оқыңыз: