Kyzylorda-news.kz.Сырдария ауданының орталығын көркейтіп, жайқалған жасыл желекпен көгалдандыру мақсатында көктемгі тал егу, тазалық жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Нақтырақ айтсақ, аудан орталығында «жасыл белдеу» қалыптастыру жоспарланған.

Игі мақсатқа негізделген жоспар барысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Күн жылығалы бері мекеме қызметкерлері мен тұрғындар тұрақты түрде сенбілікке шығып, ауданымыздың дамуына өз үлестерін қосып жүр. Аудан орталығы мен ауылдық округтерде тұрақты түрде қолға алынған игі бастама жалғасын тауып келеді.

Осы күні кент орталығындағы басты көше саналатын А.Иманов көшесіне «жасыл белдеу» жұмыстарын жүргізу қарқын алды. Осы негізде көше бойына тал егіліп, шарбақтарын жаңалау жұмыстары жүргізілуде. Ағаш егу – бір жағынан сауапты іс. Атқарылып жатқан жұмыстар кейінгі буынға үлгі-өнеге де болып табылады. Аудан жасыл желекке оранса, жанға сая, ауа тазарып әрі туған жеріміз гүлдене түспек.

Мен, Аманкелді Иманов көшесінде бірнеше жылдан бері тұрып келемін. Жылдар бойы жасалған жемісті жұмыстың арқасында Тереңөзек кентінің келбеті көріктеніп келеді. Қазіргі уақытта ауданымызға сырттан келген кісілер келсе, абаттану жұмысына қызыға қарайды. Бірнеше күннен бері сала мамандары «Жасыл белдеу» жұмысын  жоғары деңгейде жасауда. Көше тұрғындары атынан ризашылығымды білдіремін, – деді еңбек және тыл ардагері Рахымжан Бәйменов.

Негізінен «Жасыл белдеу» жұмысы «Қызылорда-Жалағаш» автожолы бойындағы «Рассойл» АЗС – «Кіші қалған» каналы аралығында, жалпы ұзындығы 750 метр аумаққа жүргізілетін болады.
 

Тағы да оқыңыз: