Kyzylorda-news.kz. «Жол қадірін жортқан білер» деген. Аудандағы бірқатар тозығы жеткен көшелер жөндеуден өтіп, тұрғындар қуанышын еселеуде. Қазір аудан көшелеріндегі бірқатар көше жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Дәл қазіргі күні Д.Қонаев көшесінің жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биыл аудандағы бірқатар көше орташа жөндеуден өткізілуде. Оның қатарында Тереңөзек кентіндегі Д.Қонаев көшесі бар.
Бүгінде ұзындығы 1,34 шақырымды құрайтын көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін көшенің бойына бордюр салу жұмыстары жүргізілді. Көшеге орташа жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме «Айзон» ЖШС атқаруда.
Жаңартылған әрі сапалы жолдар кент көркін одан әрі айшықтай түсті. Орталықтағы ең маңызды көшелердің бірі болып саналатын Д.Қонаев көшесінің кеңейтіліп, жаңартылғанына тұрғындар да дән риза.
– Біздің көше маңызды көшенің бірі. Себебі орталықта орналасқан. Әрі бір жағынан мектеп, бір жағынан аудандағы маңызды мекемелер, дүкендер орналасқан. Халықтың көп жүретін жолы. Кент көшелері кезекпен жөнделіп жатыр. Бәрі басшылықтың назарында. Тұрғындар риза, ауламыздың әрі кіріп қалды, – дейді көше тұрғындары.
Айта кетейік, аудан орталығындағы көшені жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілуі және оның сапалы атқарылуы тұрақты бақылауда.
Жолдың сапалы болуы көлік жүргізушілеріне ғана емес, жаяу жолаушылар үшін де маңызды. Сол үшін жыл сайын жол жөндеуге мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, жұмыс жоспар бойынша жүзеге асуда.
Қазіргі таңда ауданға қарасты Оспан Мәлібаев ауылындағы Б.Өтепов көшесі орташа жөндеуден өткізілуде. Ұзындығы 0,7 шақырымды құрайтын ауылдағы басты көшелердің бірін жөндеу жұмысын «Tech Service KZ» ЖШС мекемесі жүзеге асыруда.
– Аудан орталығының да, ауданға қарасты елді мекендердің де күн санап жақсарып келе жатқаны келешекке деген сенімді молайта түседі. Биыл О.Мәлібаев елді мекенінде серпінді жұмыстар атқарылуда. Ауылымызда бұған дейін де жол жөндеу жұмыстары жүзеге асырылып еді. Соның жалғасы ретінде осы жылы ауылда бірқатар көше жөндеуден өткізілуде. Бәкір Өтепов атын иеленген көшені жөндеу туралы тұрғындар ұсыныс көтергеніне біраз уақыт болған. Бүгінде аталған жұмыс қарқын алып, көше көркі қалпына келтірілуде. Жол кеңейіп, асфальт төселді. Көшенің жөнделгеніне тұрғындар қуанышты. Расында да еліміздің өркендеуі осындай шағын ауылдардың көркеюінен бастау алмақ, – дейді көше тұрғыны Е.Ілиясов.
Өз кезегінде Сырдария аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Бисембаев аудан көлемінде көшелердің жөнделуіне байланысты пікір білдірді.
– Сырдария ауданы бойынша біршама көшелелер қалыпқа келтірілуде. Шын мәнінде, жергілікті халыққа қолайлы орта қалыптастыру мақсатында көшелерді жөндеу – күн тәртібінен түспейді. Тереңөзек кентінің шет аумағы саналатын Бәкір Өтепов көшесін қайта жөндеуден өтуі құптарлық жағдай. Негізінен, шалғайда орналасқан елді мекендерді күрделі жөндеуден өткізуді барынша қолға аламыз. Жыл өткен сайын көше жөндеу жұмыстары қарқын алады деп сенеміз. Біздің міндетіміз – тозығы жеткен көшелерді жөндей отырып, сапалы жұмыс жүргізу, – деді бөлім басшысы.
Расында, Тереңөзек кентінде бірнеше көшенің жандануы тұрғындарға қуаныш сыйлауда. Айта кетейік, бұған дейін О.Мәлібаев елді мекеніндегі Қ.Бөдеев көшесі асфальтталған болатын. Сонымен бірге Шаған ауылы мен Тереңөзек кентін байланыстыратын күре жолға жөндеу жұмысы жасалуда.
