Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл күні бірнеше көпқабатты тұрғын жайды жөндеу аяқталып, оның игілігін қарапайым халық көруде. Қайта жаңғыртудан өткен тұрғын үйлер тұрғындардың жайлы, жақсы жерде өмір сүруіне жасалған қолайлы жағдай. Мұнан басқа көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары да абаттанып, ойын алаңдары салынуда.
«Елу жылда – ел жаңа» дегендей, кенттегі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысының алды осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Осы уақыт аралығында бұл үйлерге күрделі жөндеу жүргізілді десек, шындыққа жанаспауы мүмкін. Дегенмен соңғы жылдары қолға алынған нәтижелі жұмыстың арқасында бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті жаңарды.
Биылғы жылы кенттегі А.Иманов көшесіндегі №25, №37 және Жеңістің 50 жылдығы көшесіндегі №19, №32, №36, №38 үйлерге жалпы сомасы 44 246,0 мың теңге қаржыға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл жайында «Сырдария-Нұрдаулет» ЖШС директоры Б.Ильясов айтып берді.
– Өткен жылы серіктестік пен «ПСК Qabylet» ЖШС арасында 11 759,0 мың теңгеге келісімшарт жасалып, тиісті жоба-сметалық құжаты дайындалды. Аталған көпқабатты тұрғын үй тұрғындарымен жиналыс өткізілді. Бас мердігер ретінде «Жәрдем-1» және «Мұрат Құрылыс және К» ЖШС, техникалық қадағалау жұмыстарын атқаруға «Достар Строй Груп» ЖШС-ын таңдады. Авторлық қадағалаушы – «ПСК Qabylet» ЖШС. Келісімшартта көр¬сетілгендей, тұрғындар күрделі жөндеу жұмысы үшін әр шаршы метр тұрғын алаңына 102-110 теңге көлемінде 15 жыл мерзімде төлейтін болып бекітілді, – дейді серіктестік басшысы.
Осы күні бірінші кезекте 1968 жылы салынған кенттегі Жеңістің 50 жылдығы көшесіндегі №19, №32, №36 және №38 мекен-жайдағы тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер тарапынан тұрғын үйлердің сыртқы күрделі жөндеу жұмысы, атап айтқанда, шатыр жабындылары, үйдің қасбеті және есіктері ауыстырылады.
– Кенттің орталық көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үй¬лер¬ге жөндеу жүргізілгенін көріп қуанғанбыз. Біздің де үйімізге осындай жөндеу жүргізілсе деген тілегіміз де болды. Қазір үйдің шатыры ауысып, сырты жөнделген соң еңсеміз де көтеріліп қалды. Қандай керемет, көз сүйсінеді. Енді тұрғындар осы жасалған жұмысты бағалап, осылай таза етіп ұстауға дағдылануы керек, – дейді кент тұрғыны Мардан Ықыласұлы.
Қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан көпқабат¬ты тұрғын үй иелері жасалып жатқан оң тірлікке қолдау білдіріп, бір мезгіл айналасын тазартуды қолға алса, таза¬лықтың, жасалған жұмыстың нәтижесі болады. Сонымен қатар үйден шыққан тұрмыстық қалдықтарды, қоқысты кез келген жерге тастамай, арнайы орынға апарып салуға дағдылану қажет. Себебі кент тазалығы – ортақ міндет.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ