Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде кәсіпкерлік саласы түрлі бағытта өркендеп келеді. Жаңа идеяларға иек артқан бизнес иелері жергілікті халыққа тиімді кәсіп ашуға дағдыланған. Қазіргі уақытта аудан орталығында сауда үйлері, асханалар желісі, фасфуд орталықтары, тігін шеберханалары, шағын базарлар, құрылыс заттарын сататын дүкендер, дәріханалар, автокөлік жуу мен жөндеу жұмысын жандандыру тұрақты жүргізілуде.
Өткен жылы жеке кәсіпкер Нұрсұлтан Мамықовтың бастамасымен «Ыстық нан» наубайханасы өз жұмысын бастады. Бүгінде наубайхананың ыстық нанына тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары болып отыр.
«Аянат» ЖШС-нің директоры Нұрсұлтан Мамықовтың жеке кәсіппен айналаса бастағанына 8 жыл болған. Бұған дейін Қызылорда қаласынан наубайхана ашқан ол жеке бизнесін кеңейту үстінде екен. Тереңөзек кентіндегі Аманкелді Иманов көшесі бойынан пайдалануға берілген «Ыстық нан» наубайханасының ғимаратын жөндеуге 3 млн теңге қаражат кеткен. Оның ішіне нан пісіруге арналған пеш орнатылып, жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.
– Осы күні «Ыстық нан» наубайханасында бірнеше адам жұмыспен қамтылған. Күніне 500-ге жуық нан өнімдері өндіріледі. Сонымен бірге тұрғындарға тандыр, қатпарлы самса ұсынылып келеді. Жергілікті халық наубайхананың ыстық нанына үйренді. Мүмкіндігінше көпшілікті нанмен қамтамасыз ету жоспарда бар. Шын мәнінде шағын бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп келеді. Табыс табудың негізгі жолы – жергілікті тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру екені мәлім. Қазіргі уақытта нан бағасы 140 теңге ретінде бекітілді. Алдағы уақатта тоқаш, бәліш өнімдерін сатылымға шығару жоспарымызда бар. Нан өнімдерінің бағасында өзгеріс болуы ықтимал. Бұған ұнның нарықтағы бағасының көтерілуі себеп, – дейді жас кәсіпкер Нұрсұлтан Серікұлы.
Кент тұрғындары ыстық нанның сапасын жоғары бағалауда. Тәжірибелі мамандардың қолынан шыққан тандыр нан мен самсаны жұртшылық тапсырыспен алдыртып жататындығын көзіміз көріп жүр. Осыған байланысты кәсіпкер дүкендер мен жеке тұрғын үйлерге ыстық нанды дер кезінде жеткізу үшін тасымал қызметін қолданысқа енгізуді де жоспарлап отырған жайы бар.
