Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданының орталығы саналатын Тереңөзек кентінде соңғы жылдары халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды әлеуметтік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Әсіресе денсаулық сақтау саласын дамыту мен экологиялық ахуалды жақсарту бағыттарында нақты әрі маңызды нәтижелерге қол жеткізілуде.
Өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен және облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен аудандық аурухана аумағында жаңа, заманауи емдеу ғимараты пайдалануға берілді. Бұл нысан облыстық деңгейде қызмет көрсетіп, тек аудан тұрғындарына ғана емес, көршілес аймақтардан келетін науқастарға да медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
Жаңа ғимаратта «Паллиативтік көмек» және «Медициналық оңалту» бөлімшелері жұмыс істейді. Бұл бөлімшелер ауыр хәлдегі науқастар мен ұзақ уақыт бойы оңалтуды қажет ететін жандарға тәулік бойы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған. Мұнда ем қабылдаушылар дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, барлық қажетті ем-шаралар уақытылы жүргізіледі. Сонымен қатар бөлімшелердің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Аталған екі бөлімшеде 5 дәрігер және 50-ге жуық орта және кіші буын медицина қызметкерлері еңбек етеді. Физиотерапия, логопедиялық көмек, психологиялық қолдау, массаж және емдік дене шынықтыру қызметтері демалыс күндеріне қарамастан үздіксіз көрсетіледі. Айта кетерлігі, паллиативтік көмек көрсету бөлімшесі 60 төсек-орынға арналған және дәрі-дәрмекпен, медициналық бұйымдармен толық қамтылған.
Медицина саласымен қатар, кентте экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба да жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 2024 жылы Тереңөзек кентінде тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған арнайы полигон салынды. Құны 475 миллион теңгені құрайтын бұл нысан желтоқсан айында ресми түрде пайдалануға берілді.
Полигонның басты ерекшелігі – мұнда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптауға арналған арнайы қондырғылардың орнатылуы. Яғни, пластик, шыны, темір және қайта өңдеуге жарамды өзге де қалдық түрлері осы жерде бөлініп, тиісті өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаны қорғауға, қоқыс көлемін азайтуға және қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыруға оң әсерін тигізеді.
Жалпы алғанда, Тереңөзек кентінде жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып отыр.

