Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кенті бүгінде күн санап жаңарып, жасарып келеді. Орталық көшелер жандандырылып, ерекше сипат алуда.Туған жер – тұғырымыз. Ауда¬нның көркеюі, гүлденуі – тұрғындар үшін маңызды. Әдемі, таза жерде жүріп-тұру әрине денсаулығымыз үшін де, көз ақысы үшін де жақсы.

Бүгінгі таңда қазіргі кент келбетін осыдан он жыл бұрынғымен салыстыра алмайсыз. Өйткені жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орталық алаң, негізгі көшелер, көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп, кент көркі көз тартады. Қоршаған ортаның таза әрі әдемі болуы ең алдымен өзімізге жақсы және сырттан келген қонақтарға да жағымды әсер сый¬ламақ.

Бұған дейін кент орталығындағы ең ұзын әрі маңызды А.Иманов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті жаңартылып, қапталған еді. Енді аталған аумақтағы тұрғын жайлардың ауласын абаттандыру жұмыстары басталып кетті. Бүгінде мердігер компания жоспарлы жұмыстарға кіріскен.

– Амангелді Иманов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы, өздеріңізге белгілі, апатты жағдайда еді. Әр жерде жиналған қоқыс, әр жерде орналасқан әжетхана, қаулаған шөп. Тиісті мекемелер сенбілік жұмыстарын жүргізіп, ортақ үйімізді тазалау жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыр. Десек те бұл аулада қаншама адам тұрады, қанша бала бар. Сонымен қатар балалар ойын алаңы орналасқан. Олар жаз шықса әжетхана мен қоқыс ортасында ойнауға мәжбүр. Кент келбетін көріктендіріп, тұрғындарға жайлы жағдай жасау мақсатында аталған аумақта жөндеу жұмыстары басталып кетті. Бұған аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Мердігер «СПК Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс жасауда. Аталған аумақтағы көпқабатты тұрғын үйлердің жол жиегі бардюрларын жаңарту жұмыстары жүргізіліп, балалар ойын алаңы, тренажер, футбол алаңы және аула ортасына тынығу аллеясы салынатын болады. Сонымен қатар автокөлік жолдары асфальтталады, – дейді кент әкімі Ержан Бахтияров.

Жоспарлы жұмыстар аудан әкімінің тікелей бақылауында. Ал мамандар тұрғындардан аз уақыт сабырлылық танытуларын сұрайды.

– Бұған дейін А.Әлиакбаров көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы жаңа кейіпке енген еді. Ол жердегі ауланың бұрын қандай болғаны, қазір қалай жарқырап тұрғанын білесіздер. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан шамалы уақыт тұрғындарға жайсыздық туындауы орынды. Бірақ бұның бәрі сіз бен біз үшін, болашағымыз үшін жасалып жатқаны, кент келбетін көркейтуге үлес қосу әр тұрғынның міндеті екенін түсіну керек. Тұрғындарды сабыр сақтап, жұмысшыларға кедергі кел-тірмеуге шақырамыз. Сондай-ақ орталық көшеде жайылып жүрген мал да жұмыстың уақытылы орындалуына кедергі келтіруде. Тұрғындардан үй жануарларын үйде ұстауды, қоқыстарыңызды аулаға тастамауларыңызды сұраймыз, – дейді кент әкімінің орынбасары Ғани Нұртазаев.

Тағы да оқыңыз: