Kyzylorda-news.kz.  Азамат жастайынан дала төсінде еркін өсіп, ат құлағында ойнап өскен жігіт. Әке тәрбиесінде ширалып, шаруашылықта артылған сенімге нұқсан келтірмей, жайлау мен жұрттың арасында өскен бозбала келешек өмірін әскери саламен байланыстырамын деп ойламаса керек-ті. Десе де дәм-тұз қай жерден қалай бұйыратынын кім білген? Ирек жол тәрізді бұралаң өмір Шора мен Алтыншаш әулетінің тұла бойы тұңғышы болған Азаматты ақыры әскери салаға әкеп орнықтырды. Қазір ол Ақтау қаласындағы әскери-теңіз күштерінің жасақ командирі. 

Кейіпкеріміз 1990 жылдың күзінде ауданға қарасты құм қойнауындағы Қарақұмның Ерімбетжаға ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінде білім алды. Жазғы демалыста Тоғызтабанды бетке алып, әкесі отырған малды ауылды шарлаумен өскен баланың ауыл өмірі, оның ішінде ата кәсіп мал шаруашылығынан алыс болмағанын түсіну әсте қиын емес. Осылай жүріп бала арманмен үлкен қаланы бетке алған жас балада барлығы бірден жақсы болып кете қойған жоқ. Алғашында ел қатарлы білім алу ниетімен Аралдағы №2 көпсалалы колледжінде оқыды. Дей тұрғанмен, мұндағы қалыпты тіршілік ырғағы бір сарынмен жалғасып жатты. Демалыс болса ауылды бетке алатын Азаматтың әскер қатарына шақырылғандағы әсері тіптен бөлек болатын. Бәлкім, сол сәттен ол өз өмірінің басқа арнаға бұрыларын сезгендей. Солай болды да. 

2009 жылы 19 жастың көжесін ішкен Азаматты ауданның әскери бөліміндегілер әскер қатарына қосылуға жарамды деп тауып, облысқа аттандырды. Өзі қарайлас жігіттермен аймақтық іріктеуден өткен ол көп ұзамай еліміздің солтүстік өңірі Көкшетауды бетке алды. Сонда қарулы күштер сапында Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген сарбаз әкесіз өмірге бейімделуіне тура келді. Тағдыр талайы сол болды. Ендігі әулеттің баскөтерері өзі екенін түсінген кейіпкеріміз ел қатарлы еңбекке араласты. Алғашында әртүрлі жұмыстар істеп елден жырақ жүрген жігіт араға 4 жыл салып, 2014 жылы әскери келісімшарт негізінде Ақтау қаласындағы әскери- теңіз күштерінің №29011 әскери бөліміне қызметке қабылданады. Міне, осылай басталған әскери өмір бас старшина Азамат үшін әсте бағалы еді. Ел жастарына осындай мүмкіндік ашқан Тәуелсіз Қазақстанның ендігі тыныштығы үшін өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.

 Өткенге көз жүгіртсем бәрі ертегі тәрізді. Өмір өз ағынымен жалғаса береді екен. Әкем өмірден өткенде қамалым құлағандай болғаны рас. Жалғыз шешем мен бауырларымды жетектегенде қайда барамын. Мұндай қиын сәттерде бізге демеу болған әкемнің бауырлары еді. Осылай анам мен бауырларымды қалаға орнықтырып, Ақтауды бетке алғанда алдымда не күтіп тұрғаны белгісіз болды. Өзге орта, жаңа тәртіп. Алғашында бір қалыпқа түсу қиындау болды. Дегенмен өмір өз дегеніне үйретеді екен. Елден жырақ жүріп бір жылдан соң 2015 жылы Тастақтың қызымен отау құрдық. Ауыртпашылық өзіме түсерін білсем де, барлығын осы қаладан бастағым келді. Солай еттім де. Алғашында баспана мәселесінде қиындықтар болды. Жалдамалы үй, үлпілдеген үміт. Жолдан шығып, жаңылыс бассаң, егіліп елге қайтудан өзге жол жоқ. Шүкір, бәрі жаймен ретке келді. Алланың қалауымен өткен жылы «Әскери баспана» бағдарламасы шеңберінде баспаналы болдым. Осындай жетістіктердің барлығы осы әскери салаға келгенімнің арқасында болды. Қазір отбасыммен, балаларыммен осы қалада тұрып жатырмыз, – дейді аралдық Азамат Әшімов. 

Отан қорғау үшін сап түзеп шекарада немесе арнайы бекеттерде тұру маңызды емес. Ұлан-ғайыр атыраптың бір шеті сонау Каспий теңізі арқылы Иран және Әзірбайжанмен шектеседі. Бұл маңда да шекара және қарт Каспийдің қауіпсіздігі үшін толассыз жүргізіліп жатқан жұмыс бар. Қалыпты жұмыс ырғағы бір сәтке бұзылмаған өңірдің бүгінде тыныштығына жауапты кейіпкеріміз Азамат Шораұлының Отан қорғау ісінде қолтаңбасы айрықша. Қатардағы бас старшинаны біз мерейлі мерекесімен құттықтаймыз.

Тағы да оқыңыз: