Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсететін «Тең қоғам» орталығы жылды қорытындылады. Қаладағы өмірлік қиын жағдайда жүрген, тәрбиеленуінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе өздері де сол санаттағы тұрмысы төмен көп балалы отбасыларына көмектесіп жүрген бұл орталықта бүгінге дейін 20-дан аса іс-шара өтті.

Ашылғанына көп уақыт болмаған орталықта ерекше қажеттілігі бар жандар мамандардың сапалы қызметтерін тегін алды.

«Орталық қызметі «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2025 жылға дейінгі жол картасы аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Тең қоғам» әлеуметтік жобасымен жүзеге асуда. Қаладағы өмірлік қиын жағдайда жүрген, тәрбиеленуінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе өздері де сол санаттағы тұрмысы төмен көп балалы отбасылар орталық қызметіне жүгіне алады. Мұнда заңгерлік кеңес беру, психологиялық көмек, әлеуметтік-тұрмыстық, кәсіпкерлікке баулу дағдыларын үйрету, бос уақыттарын тиімді үйлестіру жұмыстары жүзеге асады. Бүгінге дейін ерекше қажеттілігі бар 400-ге жуық азаматтың қатысуымен 20-дан аса іс-шара ұйымдастырылды», – деді орталықтың жұмысын қорытындылаған дөңгелек үстелде «Тең қоғам» орталығының жетекшісі Марат Аралбаев.

Айта кетейік, тағдырлас жандардың басын қосқан бұл орталық ашылғалы отбасылық мінез-құлық әлеуметтік нормаларын жақсарту мақсатында нысаналы топтармен тренинг-семинарлар ұйымдастырды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыға психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетілді. Мәдени, спорттық бұқаралық іс-шаралар өтті. Сонымен қатар отбасылық мәселелердің алдын алуға және тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағытталған конкурс, акциялар үздіксіз өткізіліп отырды. Бұл шаралардың барлығы жергілікті полиция органдары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, қалалық жұмыспен қамту орталығы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен мүгедектердің қоғамдық ұйымдарымен бірлесіп атқарылған. 

Тағы да оқыңыз: