Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының қолдауымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында оқушылар арасында «Тең мүмкіндіктер» спорттық іс-шарасы бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Игі іс-шара Сырдария ауданында биыл да өткізіліп, оған төрт бастауыш партия ұйымының атынан оқушылар қатысып, спорттық бәсекенің көрігін қыздырды.

Спорттық іс-шараның ашылуына Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы қатысып, қатысушы балаларға сәттілік тіледі.

– Бүгін біз партиямыздың «Кедергісіз келешек» жобасы аясында спорттық іс-шараға, оқушылар арасындағы эстафетаға жиналып тұрмыз. Жарыс аудандық партия филиалының ұйытқы болуымен «Құндызды» бастауыш партия ұйымында өткізілуде. Іс-шараға ауданымыздағы партия мүшелері де атсалысып, қолдау білдіруде. «Тең мүмкіндіктер» спорттық іс-шарасы алдын ала хабарланып, қатысушы оқушылар тіркелген. Ең алдымен, бүгінгі жарысқа «Құндызды» БПҰ, «С.Сейфуллин» БПҰ, «О.Әбілпаттаев» БПҰ және «Ә.Тәжібаев» БПҰ-нан 3 оқушыдан 4 топ қатысып жатқанын айта кетейін. Жалпы партияның «Халықпен бірге!» деп аталатын Сайлауалды бағдарламасында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсету, олардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға айрықша көңіл бөлінген. Бүгінгі спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың құрдастары арасындағы достық байланысты нығайту, әлеуметтік белсенділігін, сенім мен өзара сыйластықтарын арттыру. Жарыстың әділ өтуін Сырдария аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің маманы, «AMANAT» партиясының мүшесі Жадыра Бағдатқызы бастаған жаттықтырушылар бағалап, жеңімпаздарды анықтайтын болады. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілейміз, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.

Жарыстың өткізілуіне аудандық білім бөлімі, аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі және Сырдария спорт клубы атсалысты. Нәтижесінде үш кезең бойынша оқушылар сынға түсіп, жеңімпаздар анықталды. «Ә.Тәжібаев» БПҰ атынан қатысқан оқушылар ынталандыру сыйлығымен марапатталса, ІІІ орынды «Құндызды» БПҰ жеңіп алды. ІІ орынмен «О.Әбілпаттаев» БПҰ марапатталды. Жүлделі І орынды «С.Сейфуллин» БПҰ намысын қорғаған оқушылар иемденді.

Оқушыларды марапаттау салтанатында «Құндызды» БПҰ төрағасы, №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің директоры Д.Қожахметов жарысқа қатысушы балаларға алғыс айтып, сәттілік тіледі. Өз кезегінде Сырдария аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің маманы, «AMANAT» партиясының мүшесі Жадыра Бағдатқызы оқушыларды спорттық іс-шараға дайындаған жетекшілеріне ризашылығын білдірді. Жеңімпаз оқушыларға диплом, медаль және естелік сыйлық табысталды.

Тағы да оқыңыз: