Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданына қарасты Қорқыт стансасы бар. Күнделікті жүрдек пойыздың жүрісі таңсық емес мекенде үш жүзден аса тұрғын бар. Басым көпшілігі темір жолда еңбек етеді. Станса кеңсесіне кіре бергенде біз түсіне бермейтін қаптаған кнопканың алдында отыратын бір жан отырады. Біз үшін беймәлім болған басқыштар, кезекшінің күнделікті көмекшісі. Жұмыс осы арқылы реттеліп, осы арқылы жүреді. Айтып отырғанымыз, станция кезекшісінің жұмыс бөлмесі. Бүгінгі кезекшілікте 35 жылға жуық осы салада тер төгіп келе жатқан Тұрсынбек Кірекесов тұр екен.  

Күнделікті қарбалас тірлігі таусылмайтын кезекшілер қызметінде бір тыным жоқ екен. Өйткені, станцияға келіп-кетіп жатқан пойыздар ағымы толассыз. Станция кезекшісі ретінде Тұрсынбек Кірекесов жол жүріп бара жатқан немесе тоқтап, кезегін күтіп тұрған пойыз құрамаларының жағдайын, машинистер мен олардың көмекшілерінің көңіл күйі мен денсаулығын, келетін бригадаларды қарсы алу, орналастыру, сапарға аттанатындарды шығарып салу секілді станцияның шым-шытырық тірлігін осы жерден реттеп, басқарып отырады. Станция кезекшісі диспетчерлермен байланысып, нұсқаушылар және наряд түзушілермен қоян-қолтық жұмыс істейді. Оған өзіміз де куә болдық. Әңгіме арасында қаптаған телефоннан қоңырау қабылдап, диспетчерге жауап беріп, келесісіне хабарлама беріп те үлгерді. Сандарды сартылдатып жатқа айтып отырған кейіпкеріміз бізге  жұмысының жайын да баяндады.

– Біз ауысым арқылы 12  сағаттан 4 адам кезекшілік етеміз. Мысалы мына пойыз Ақтөбеден келе жатыр, – деді алдындағы компьютердегі кестені нұсқап, – Компьютер арқылы Түркістан мен Ақтөбе авралығындағықай жерде қандай пойыз келе жатқанын біліп отырамыз. Жұмысқа келісімен диспетчер сол күнге арналған жүк пойызы, жолаушылар пойызы бар екенін хабарлайды. Біздің жұмысымыздың басты «кейіпкерлері» – машинистер. Ал кезекшілер сол машинистердің жұмысын реттеп отырады. Біз үшін ауысымда күн мен түннің айырмашылығы жоқ, уақыттың қалай өткенін де білмей қаласың. Машинистер мен олардың көмекшілерінің жұмысын үйлестіру – кезекшінің міндеті, –  дейді Тұрсынбек Кірекесов.

Одан әрі алдында тұрған әрбір затын бізге таныстыра жөнелді. Бізге беріле түсіндіргенінен-ақ жұмысына жауапкершілікпен қарайтын білікті маман екенін аңғардық. Тіпті пойыз өткенде көтеріп тұратын жалаушаның ерекшелігін де атап өтті. Сары жалауша өтіп бара жатқан пойызға, ал қызыл жалауша тоқтайтын пойызға көтеріледі екен.

– Біздің басты мақсатымыз – қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, темір жолдарда ақау болдырмау. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Сенікі-менікі демей, барлық теміржолшылар, илегеніміз бір терінің пұшпағы болған соң, ұйымшылдықпен жұмыс істейміз, – дейді ол.

Тағы да оқыңыз: