Kyzylorda-news.kz Өңірлік және қалалық коалиция мүшелері  Гүлшат Мұсаева, Дәурен Сейтжанов, Мұрат Жұмаділдаев және Динара Ибадуллаева «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ – «Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі» филиалының ұжымымен кездесу өткізіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен мазмұнын кеңінен түсіндірді.

Кездесу барысында конституциялық реформалардың ел дамуының жаңа кезеңіндегі стратегиялық маңызы атап өтіліп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумның тарихи жауапкершілігі ерекше екені айтылды. Жиынға қатысушылар жаңа Конституция жобасының қоғам сұранысы, сарапшылар қауымдастығының пайымы мен саяси партиялардың ұсыныстары негізінде жан-жақты талқыланып, пысықталған құжат екенін жеткізді.

Қалалық коалиция жетекшісінің орынбасары Гүлшат Мұсаева өз сөзінде Ата Заң жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын одан әрі нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Ол темір жол саласының ел экономикасындағы айрықша рөліне тоқталып, стратегиялық маңызы бар бұл саланың тұрақты дамуы мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі мен әлеуметтік әл-ауқатының кепілі екенін айтты. Сонымен қатар, еңбек адамдарының мәртебесі қоғам үшін қашан да биік екенін, жаңа Конституция жобасында әлеуметтік әділдік қағидаттары мен еңбек құқығын қорғау тетіктері күшейтілгенін тілге тиек етті.

Кездесуде өңірлік коалиция мүшесі, «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дәурен Сейтжанов жаңа Конституция жобасының басты ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, құжатта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы орта қалыптастыру, жеке меншік құқығын қорғау, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету және кәсіпкерлік субъектілерін заң жүзінде қорғау мәселелері нақты айқындалған. Бұл өз кезегінде экономиканың орнықты дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың табысын арттыруға серпін береді.

Жиын барысында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар беріліп, референдумға белсенді қатысудың маңыздылығы түсіндірілді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, теміржолшылар жаңа Конституция жобасының мазмұнына қатысты өз пікірлерін білдірді.

Қорытындылай келе, спикерлер 15 наурызда өтетін референдум – ел болашағына қатысты маңызды таңдау екенін атап өтіп, әрбір азаматты жауапты шешім қабылдауға шақырды. Жаңа Конституция – әділетті, құқықтық және қуатты мемлекет құру жолындағы маңызды қадам екені баса айтылды.

Теміржол саласы 2.jpg

Тағы да оқыңыз: