Kyzylorda-news.kz Оқыс оқиғалар айтып келмейді. Жазатайым істер орын алған сәтте кез келген тұрғынның абдырап қалатыны анық. Мұндайда телефонға жүгіре кетіп, 112, 109 сынды жедел әрекет ететін топтарды шақыруға даяр тұрамыз. Себебі адам өмірі бәрінен қымбат.

Демалыс күні орын алған оқиға да дәл солай. Астанада 2 қабаттан құлап кеткен баланың жағдайына қатысты тұрғындардың жанұшырып сall орталыққа қоңырау шалуы қоғамның назарын аудартты.

Мұндайда әбжіл қимылдай кететін диспетчерлердің жұмысына қатысты пікірлер екіге жарылады. Бірі мақтайды, бір даттайды.

Десе де, 109 бен 112-ге қоңырау шалатын қызылордалықтар да аз емес.

Тұрғындарды қандай мәселе мазалайды? Қызылорда облысындағы 109 қызметіне күніне қанша қоңырау түседі? Осы және өзге де сауалдардың жауабын іздеу мақсатында Облыстық Жедел әрекет ету орталығының директоры Темірхан Мұқанғалиды сұқбат алаңына шақырдық.

- Темірхан Талғатұлы, Сіз бен біз замандас екенбіз, сондықтан барынша еркін әрі шынайы сұқбат құрсақ?

- Әлбетте, ашық пікірлесуге дайынмын.

- Өзіңізжетекшілік ететін «Жедел әрекет ету орталығы»өзге мекемелер секілді жұмысын кешкі жетіде аяқтай салмайды.

Қалада төтенше жағдай орын алып, су құбыры жарылып, жарық өше қалса, газ берілмей, жолдар жабылса тұрғындар тағат таппай сіздерге қоңырау шалады. Қазір мәселені әлеуметтік желіге жаза салу оңай уақытта Сall орталықтың қажеті бар ма?

- Әрине, қажеті бар деп санаймын. Себебі біздің операторлар әрбір тұрғынмен тікелей байланысады. Яғни әлеуметтік желідегідей емес, бізге шынайы қоңыраулар түседі. Әрбір қоңыраудың артында халықтың мәселесі бар. Екі ауысыммен жұмыс істейтін диспетчерлер күн сайын тұрғындар өтінішіне сәйкес қала ішінде орын алатын тосын жағдайлармен бетпе-бет келеді.

Біздің басты мақсатымыз – халыққа көмек көрсету. Төтенше және оқыс жағдайлар туындай қалғанда қоңырауларға жауап беру арқылы өзекті мәселелерді өз уақытында құзырлы органдардың назарына жеткіземіз.

Шын мәнінде, 109 және 112 желісі қызылордалықтардың сенімді байланыс арнасына айналып келеді.

5 жыл ішінде біз облыс әкімдігінің тұрақты қолдауын сезініп келеміз.

Тоқтаусыз тіршілік арасында жарық өшеді, құбыр жарылады, су тоқтап, газ берілмей қалады. Ұсақ бұзушылықтар орын алып, қоғамдық тәртіптер де бұзылады. Кейде өрт оқиғасы да көрініс табады.

Мұндай кезде халыққа бірінші кезекте дұрыс ақпарат жетуі керек. Сондықтан да 24/7 режимде жұмыс істейтін диспетчерлер қоңырауларды тіркеп, әрбір сауалды сала-сала бойынша жіктейді. Мұндай сәтте операторлардың жұмысы екі есе қызады.

Мәселен, күніге орта есеппен бізге әртүрлі деңгейдегі 400-ге жуық қоңырау түседі.

Әр жұмыстың қызығымен қатар қиындығы да бар. Кейде наразы көңілдегі азаматтар да хабарласады. Мұндайда диспетчерлер стресттік жағдайлардан шыға біліп, телефон тұтқасында тұрған тұрғындардың көңілін табуға тырысады.

WhatsApp Image 2025-04-14 at 11.38.44.jpeg

- Тәулігіне төрт жүз қоңырау түседідедіңіз. Қызылордалықтар 109 және 112-гекөбінесе қандай шағымдармен хабарласады?

- Басым бөлігі – коммуналдық мәселелер. Ал, 112-ге оқыс оқиғалар орын алған кезде ғана хабарласады.

Ауа-райының қолайсыздығынан мөлтек аудандарда жарық өшіп қалады. Жоспарлы су жөндеу шаралары кезінде де уақытша қиындықтар туындайтыны рас. Мұндай кезде біз коммуналдық мекемелердің мамандары ақауларды жөндегенше тұрғындарды сабырға шақырып, қажетті ақпаратпен хабардар етеміз.

Әр апта сайын қоңырауларға талдау жүргіземіз. Ең көп шағымдарды бірнеше бағыттарға бөлдік.

Мәселен, өткен жылы 112-ге 122 651 қоңырау, ал 109-ға 167 237 қоңырау түсті. Оның ішінде жарықтандыруға қатысты – 72 379, ауыз су бойынша – 31 196, жылу беру жүйесіне қатысты – 19 206, табиғи газ қызметіне қатысты – 12 512 және тағыда басқа коммуналдық мәселелерге қатысты қоңырау шалынды.

Бізге тұрақты түрде қоңырау шалатын азаматтар бар. Мысалы, Мерей мөлтек ауданында тұратын зейнеткер тұрғын 109-ға хабарласу арқылы өзінің ғана емес тұтас ықшам ауданға ортақ коммуналдық мәселелердің шешуіне ықпал етіп жүр. Мұндай мысалдар жеткілікті.

Туған жерімізге жанашырлықпен қарайтын жерлестеріміз аз емес. Көше бойында үйілген қоқысты, құлаған ағашты, ашық жатқан құдықты көрсе бізге қоңырау шалып, ортақ іске үн қостын тұрғындарымыз да бар.

Операторларымыз әрбір қоңырауды елеусіз қалдырмайды. Себебі бізге адамдар қолы бостықтан хабарласпайды. Мейлінше, көмек беруге, жылы сөйлеуге және нақты ақпарат беруге тырысамыз. Көптің алғысына да бөленіп жатқан сәттеріміз аз емес.

- Жасыратыны жоқ, Қызылордада нөсерлі жаңбыр жауып, дауыл тұрса жарық өшетіні бар. Соңғы аптада өзіміз де көрдік, көз аштырмайтын құмды дауылдың әсерінен бірнеше мөлтек аудандардағы көпқабатты үйлер жарықсыз қалды. Бұл жағдай кезінде сіздің орталықты сынағандар да аз болмады. «109-ға хабарласу қиын, операторлар алмайды» деген пікірлерді естідік. Осы мәселенің түбін зерттеп көрдіңіздер ме?

- Жұмыс бар жерде сын қатар жүреді. Біз үшін әрбір қоңырау бағалы, әрбір пікір қымбат.

Біз үнемі екіжақты жұмыс жүргіземіз. Жауапты коммуналдық ұйым мамандары ақау орын алған аймаққа барып, мәселенің мән-жайын анықтап, бізге ақпарат ұсынады. Тұрғындарға ақаудың неліктен орын алғанын баяндасақ, халық өтініші арқылы жауапты мекемелерге қосымша тағы қай аумақта жарық өшкенін, су тоқтағанын жеткіземіз. Қарап тұрсаңыз, 109 халық пен коммуналдық мекеме арасын жалғайтын байланыс көпірі іспетті.

Бұрынғыдай емес, аймақ басшысының қолдауымен қазір тозығы жеткен жылу және кәріз жүйелері толықтай жаңартылып жатыр. Көптеген жолдар жөңделіп, ескі құбырлар жаңаруда. Бұл өз кезегінде шағым айтып хабарласатын тұрғындардың қоңырауларын едәуір азайтты.

Біз қазір коммуналдық проблемалар мен төтенше жағдайларды бөліп қарастыратын арнайы карта әзірледік. Мұнда қала ішіндегі ықшам аудан, көшелердің қайсысында жиі ақау барын түстермен белгілейміз және оны графикаға енгіземіз. Сәйкесінше, құзырлы мекемелер жоспарлы тексерістер жүргізеді. Мұндай қадам екі тарапқа да тиімді.

Ал, қоңырауларға келер болсақ, операторлар 1 күнде шамамен 400-денаса жазба түсіреді.

Қала аумағында үлкен ақау орын алған сәттерде 3000-ға дейін қоңыраулар келеді. Бір желіге бір уақытта бірнеше қоңырау қатар түскеннен кейін сигналдар бір-бірінің үстіне қабаттасады. Мұндай сәтте операторларымыз жауап беріп үлгермей қалады. Себебі біз жансыз автожауап қосып қоя салатын немесе робот қызметін пайдаланатын орталық емеспіз. Кезекшілікте тұратын диспетчерлер әрбір сауалды жазып, тіркеп алады.

Әр қоңырауда айтылған мәселелердің өз мерзімдері бар. Операторлар бекітілген алгоритм аясында жұмыс істейді.

112 сұхбат 3jpeg

- Адамдар шынайы алғысын білдіріп жататын кездер аз емес дедіңіз. Call орталық тек қоңырауларға жауап берумен шектеледі ме?

- Орталық болғаннан кейін бір функциямен отыра беруге де болмайды.

Бізде «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» қозғалысымен екіжақты келісім бар. Ерікті жастардың әлеуетін қоғамдық игілікке тарту бағытында бірлескен жобаны жүзеге асырамыз. Яғни бізге мүгедектігі бар немесе жүріп-тұруы қиын қариялар, азаматтар түрлі көмектер сұрап хабарласады. Жас волонтерлар қариялардың үйіндегі тал кесу, үй ауласын тазалау, қоқыстарды шығару сындыжұмыстарды атқаруға ниет танытады. Бұл жұмыс бірреттік науқандармен шектелмейді.

2024 жылы біздің операторлар 100-ге жуық тұрғыннан қоңырау қабылдап, игі іске дәнекер болды.

Тағы бір бағыт. Орталығымыз республикада алғашқы болып «QazaqGaz «Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы меморандум жасады. Бұрын тұрғындар газға қатысты шағымдарды «104» желісіне бағыттап келсе, енді «109-ға» қоңырау шалу арқылы мәселесін айтуға мүмкіндігі бар.

Өткен жылы бірқатар мекемелермен меморандумға қол қойдық. Сайлау процесі кезінде де 109 негізгі оператор ретінде жұмыс істейді.

Алдағы уақытта біз қызмет аясын кеңейтуді және цифрлық мүмкіндіктер шеңберінде жаңа жобалар жасауға дайынбыз.

Полиция департаментіменбірге ынтымақтастық орнату жоспарымызда бар.

- Сұқбатыңызға рақмет!

WhatsApp Image 2025-04-14 at 11.39.20.jpeg

Сұқбаттасқан

Айдос МЫРЗАЛЫ

Фото: автордан

Тағы да оқыңыз: