maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz Бүгін аудан әкімі Ерлан Төрәлиевтің төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібінде аудан аумағындағы телекоммуникация саласының даму барысы, интернет желісі мен мобильді байланыстың сапасы және инфрақұрылымның техникалық жағдайы қаралды.

«Бүгінгі Үкімет отырысында телекоммуникация саласын дамыту мәселелері қаралып, аймақ басшысы тарапынан нақты тапсырмалар берілді. Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағанын ескерсек, аудан аумағындағы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беруіміз қажет. Бүгінде елді мекендер интернет желісімен қамтылғанымен, оның сапасына қатысты бірқатар мәселе бар. Әсіресе, байланыс бағандарының техникалық жағдайы алаңдатады. Бұл тек қызмет сапасына ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне де тікелей қатысты. Сондықтан жауапты мекемелер анықталған кемшіліктерді созбалаңға салмай, қысқа мерзімде жоюы тиіс. Тұрғындар абоненттік төлемді уақтылы төлеп отырғандықтан, көрсетілетін қызметтің сапасы да талапқа сай болуы керек. Осы бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алып, әрбір мәселенің нақты шешілуін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді аудан әкімі Ерлан Төрәлиев.

Қазіргі таңда кент және ауылдық округтер «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамдары арқылы интернет желісіне қосылған.

Осыған байланысты аудан әкімі жауапты мекеме өкілдеріне көрсетілетін қызмет сапасы мен анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою, Жалағаш желілік техникалық учаскесінің жауапты өкіліне байланыс бағандарын қалпына келтіру, техникалық ақаулардың алдын алу және инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Жиын қорытындысымен күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жауапты сала басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.

Тағы да оқыңыз: