Kyzylorda-news.kz Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі парақшасында Telegram-да қазақстандықтардың жеке деректері таралып жатқанын жазып, дабыл қақты, – деп хабарлайды Қазақпарат.
— Бот кез келген адамға Қазақстан азаматтары туралы барлық жеке деректі тегін таратып отыр. Бұл жобаны, болжам бойынша, Ресей Федерациясынан басқарып отыр, себебі ол жерде ресейлік азаматтар туралы мәліметтер көбірек қамтылған. Ашық қолжетімділікте мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған деректер бар, ең ықтимал нұсқа — e-gov порталынан жүктелген база. Бұл мәліметтер нақты уақыт режимінде жаңартылып отырады, мысалы, туған күні, ЖСН, тұрғылықты мекенжайы, телефон нөмірлері, сондай-ақ отбасы мүшелері туралы ақпарат көрсетіледі. Сонымен қатар азаматтың қандай пәтер сатып алғаны, қандай автокөлік мінгені жайлы мәліметтер де бар, — деп жазды Мұрат Әбенов Facebook парақшасында.
Осы орайда халық қалаулысы аталған проблемаға қатысты Ішкі істер министрлігі мен Бас Прокуратурадан шұғыл шара қабылдау қажеттігін сұрады.
Істің мән-жайын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен сұраған едік.
— Telegram-боттарға жүргізілген талдау нәтижесінде азаматтардың жеке деректері бұрын таралған ақпарат көздерінен, ашық дереккөздерден және GetContact секілді басқа да тараптан алынатыны анықталды. Айта кету керек, GetContact қызметіне Қазақстан Республикасы аумағынан қолжетімділік шектелген, себебі бұл сервис Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған, — деп жауап берді министрліктен агенттік тілшісіне.
Ақпаратта айтылғандай, қазір аталған ресурстарға сілтемелер уәкілетті органдарға тексеру жүргізіп, тиісті шара қабылдау үшін жолданды. Бұған дейін осы секілді 30-дан астам бот жұмысы тоқтатылған.
— Азаматтарды аталған сервистерді пайдаланбауға және жеке деректерін ашық түрде таратпауға шақырамыз. Егер мұндай жағдайларды анықтасаңыздар, kib@mdai.gov.kz электрондық поштасына немесе 8 (7172) 649-405 қызметтік нөміріне хабарласыңыздар, — дейді ведомстводан.