Kyzylorda-news.kz. Сырдария аудандық мәслихатының кезекті ХVІІІ сессиясы өтті. Сессияға депутаттардан бөлек аудан әкімі Б.Сәрменбаев, облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Н.Қордабай, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауыл әкімдері, бөлім, мекеме басшылары қатысты. Сессияны аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Сессия алдында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өткізілді. Депутат Д.Ералиев төрағалық еткен тұрақты комиссияда сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер алдын ала кеңінен талқыланып, депутаттардың ұсыныс-пікірі ескеріліп, шешім жобалары бекітілді. Сессияда аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Ахетов 2023 жылға арналған аудандық, кент және ауылдық округтер бюджетінің атқарылуы, 2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму жоспарының аудан бойынша іске асырылуы, даму жоспарының нысаналы индикаторлары мен бюджеттік бағдарламалардың орындалуы, сондай-ақ аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №77 шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндама жасады.
Мұнан бөлек тексеру комиссиясының қорытынды есебі тыңдалып, облыстық тексеру комиссияның мүшесі Н.Қордабай депутаттарға бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің кемшілігі мен алдағы уақытта назарға алынуы тиіс басым бағыттар туралы баяндады. Бұл мәселе бойынша депутат Д.Ералиев сөз сөйлеп, пікір білдірді.
Сессия барысында аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Л.Қозыбаева кәсіпкерлікті дамыту мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасап, есеп берді. Депутат А.Ибрагимұлы кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықты азайтуға болатынына тоқталып, бірқатар ұсыныс айтты. Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов кәсіпкерлердің қоғам тазалығын сақтауға қатысты жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтса, депутат Е.Жақып «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығын жеткізді.
Сессияда депутаттық сауалдар бойынша аудан әкімінің орынбасары Р.Еспенбетовтің, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Ахетовтің, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ж.Жұмабаеваның, аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Алмасқызының хабарламалары тыңдалды. Сонымен қатар аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Шайлан депутат Н.Абдрасиловтың депутаттық өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде хабарлама жасап, шешім бірауыздан мақұлданды. Сәйкесінше ол мәслихат жанындағы тұрақты комиссияның мүшелігінен шығарылды. Соңғы мәселе бойынша аудандық мәслихат аппаратының басшысы Г.Божан мәслихаттың 2024 жылдың ІІ жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарын таныстырды.