Kyzylorda-news.kz Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Шерхан Есжановтың төрағалығымен аудан тазалығына қатысты және «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жөнінде арнайы жиын өтті.

Жиын барысында Арал қаласының санитарлық тазалығына қатысты суреттер арнайы слайд арқылы көрсетіліп, кемшіліктер бойынша Арал қаласында тазалық, абаттандыру жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Шерхан Жұбаханұлы қала тазалығына сай бөлінген сектор жетекшілеріне ертеңгі сенбілік жұмыстарын қарқынды жүргізіп, қажет болса арнайы техникалардың мүмкіндігін қарастыру керектігі жөнінде атап өтті.

Аллея, саябақ аумақтарын, тал түптерін, жарық бағаналарын сырлау, әктеу жұмыстарын қазірден бастау керектігі айтылып, жауапты бөлім басшыларына қала көшелеріндегі жол белгілеріне зерделеу жұмыстарын жүргізу және кемшіліктерді қалпына келтіру жөнінде тапсырма жүктелді. Сондай-ақ қала аумағын ластаған тұрғындарға қолданыстағы заңға сәйкес айыппұл салу арқылы тәртіпке шақырып, учаскелік полиция инспекторларын қауіпті учаскелерге бекітуді жауаптыларға тапсырды.

Жиын соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ш.Есжанов «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстардың бірде-біреуі назардан тыс қалмайтын жеткізді.

Фото: Арал ауданының әкімдігі

Тағы да оқыңыз: