Kyzylorda-news.kz Бүгін «AMANAT» партияның Жалағаш аудандық филиалының белсенділері «Таза бейсенбі» акциясы аясында ауданға кіре беріс Қазбек би көшесінің бойына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Тазалық шарасына партия ардагерлері мен бастауыш партия ұйымдары, еріктілер мен ауыл тұрғындары да қатысып, туған жердің экологиялық тазалығына үлес қосты.
Олар көше жиегіндегі шөптерді шауып, ағаштар мен жол шекараларын ақтап, жиналған қоқыстарды арнайы орынға жеткізді.
«Партия бастамасымен әр бейсенбіде өтетін бұл акция — табиғатқа, қоршаған ортаға деген құрметтің көрінісі. Жалпы ауаның ластануы, судың азаюы мен қалдықтардың көбеюі – адамның өз қолымен жасалатын дүние. Егер біз бүгін қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарамасақ, ертеңгі ұрпаққа не қалады. Таза орта қалыптастыру, тазалық мәдениетін сақтау мен қоршаған ортаны аялау көпшілікке ортақ жауапкершілік», – деді партия филиалының консультанты Ахан Кенжебаев.
Ал, аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Абзали Төлеутай: Бұл бастама — жай ғана тазалық жұмысы емес, ел болашағына деген жауапкершілік пен жанашырлық. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау — бүгінгі ұрпақтың қана емес, келер ұрпақ алдындағы үлкен аманат,- дейді.