Kyzylorda-news.kz «Тазалық – табалдырықтан басталады» дейді дана халқымыз. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кеше Қармақшы ауданында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.

Іс-шараға аудан тұрғындары, бөлім, мекеме қызметкерлері, ардагерлер мен жастар белсенді қатысып, туған жердің тазалығына өз үлестерін қосты. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, сенбілікке қатысушылар елді мекен аумақтарын тазалап, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.

«Тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көше мен ауладан басталуы керек. Біздің жеріміз бен елімізді сырттан келіп ешкім көркейтпейді, тазартпайды. Осы орайда барша жерлестерімді тазалық жұмыстарына ұйытқы, жақсы істерге дәнекер болуға шақырамын. Сондай-ақ тазалық шарасына қатысып, белсенділік танытып отырған барша тұрғындарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Тазалық – біз үшін басты құндылық. Келешекте де осындай игі бастамалар өз жалғасын табады деп сенемін. Еліміз аман, ауданымыз гүлдене берсін»,- деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.

Сондай-ақ аудан басшысы тазалық жұмыстарына белсенді қатысып жүрген бірқатар аудан тұрғындарына «Алғыс хатын» табыстады. Ауқымда шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков сөз алып, акция қатысушыларына ізгі тілегін жеткізді.

Ауданның көркеюіне бағытталған игі бастама аясында Жандос Еркінбек және барша тұрғындар тал егу шарасына қатысып, көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты.

Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі 

Тағы да оқыңыз: