Kyzylorda-news.kz Биыл қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған даңқты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің туғанына 450 жыл толып отыр. Бүгін Арал ауданында «AMANAT» партиясы белсенділері аудан орталығында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында даңқты қолбасшы, тарихи тұлға Жалаңтөс Баһадүр аллеясында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Акция барысында аллея аумағы қардан тазартылып, демалыс орнының айналасы ретке келтірілді. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар қоғамдық орындардың көркейіп, тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға оң ықпал ететіндігін айтады.
«Бүгін Жалаңтөс Баһадүр аллеясында өтіп жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы қоғам үшін аса маңызды бастамалардың бірі. Бұл қоғамдық орындарды көркейтіп, тұрғындар үшін қолайлылығын арттырады. Сонымен қатар азаматтар арасында экологиялық мәдениеті қалыптастырып, ортақ іске жауапкершілікпен қарауға үйретеді», – деді акцияға қатысушы белсенді жас Нұрсұлтан Шарапатов.
Жалпы өңірде қоршаған ортаны қорғап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы жүйелі жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, қоғамдық сана мен экологиялық жауапкершілікті арттыруға өз үлесін қоса бермек.
