Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қазалы ауданында санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары күнделікті жүйелі түрде жалғасуда.
Тазалық жұмыстарына мемлекеттік мекеме қызметкерлері, коммуналдық сала мамандары мен тұрғындар белсенді қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Бүгінгі тазалық жұмыстары барысында аудан орталығында мәдени-демалыс кешені, Рәміздер алаңы, Жанқожа батыр кесенесі, Теміржол вокзалы аумағы және О. Жанәділов, В. Счастнова, Р. Бағланова, Желтоқсан көшелерінің бойында тазалық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, көше бойындағы аяқсу арықтары тазартылып, ретсіз өскен шөптер шабылды.
Сонымен қатар электр бағаналары, қоршаулар мен ағаштар әктеліп, жол жиектеріндегі бордюрлер сырланды. Қоғамдық орындар мен көшелер қоқыстан тазартылып, аумақтарды абаттандыру жұмыстары қарқынды түрде атқарылды.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық шаралары барлық ауылдық округтерде де ұйымдастырылып, елді мекендердің көшелері, әлеуметтік нысандардың маңы мен қоғамдық орындар ретке келтірілуде.
Тазалық – мәдениеттің айнасы, ал таза әрі көрікті орта – тұрғындардың жайлы өмір сүруінің кепілі. Осыған орай аудан тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға, қоғамдық орындардың тазалығына жауапкершілікпен қарап, экологиялық акцияларға белсенді қатысуға шақырамыз.
