Kyzylorda-news.kz Өткен жылы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы Сыр өңірінде кеңінен қолдау тауып, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қала, аудан, елді мекендер тұрғындары, мемлекеттік мекеме, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындар қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартуға біркісідей атсалысты. Сонымен қатар, тарихи-мәдени ескерткіштер аумағы абаттандырылып, көшеттер отырғызылды, ағаштар әктелді. Жасыл желекті көбейту және тазалық сақтау бағытында жергілікті мекемелер белсенді еңбек етуде. “Жасыл Қызылорда” мекемесінің мамандары Қызылорда қаласындағы Н.Назарбаев даңғылы бойын көгалдандыруға қызу дайындықты бастап кетті. Қазір топырақ құнарлылығын арттыру үшін көңмен байытылған құм төселуде. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында арық жүйелерін тазалау және көгалдарды күтіп-баптау да жүйелі жүргізілуде.
“Қызылорда тазалығы” мекемесі көшелер мен қоғамдық орындардың қоқысын жинау, абаттандыруды жалғастыруда. Қала тұрғындары мен қонақтарына таза әрі жайлы орта қалыптастыру мақсатында сенбіліктер ұйымдастыру өте маңызды.
Бүгінгі сенбілікте облыс орталығы мен барлық аудан тұрғындары жоғары белсенділік танытты.
Айта кету керек, экологиялық іс-шара басталғалы бері оған 730 000-ға жуық облыс тұрғыны қатысты. 27 000 тоннадан астам қоқыс шығарылды, 505 сквер мен саябақ, 225 тарихи- мәдени ескерткіш аумағы, 791 әлеуметтік нысан, 4596 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 322 су нысаны, 47 451 аула мен көше тазартылды. Бағдарламаға қатысу арқылы әрбір азамат өз аумағын таза ұстап, қоршаған ортаға қамқорлық көрсетуге үлес қосады. Бұл - экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатты қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Еске салайық, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен тазалық, көркейту-көгалдандыру бағытында 2023 жылдан бері «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауы бастау алды. Кейінгі 2023-2024 жылдары байқау 3 мәрте өткізілді. Облыстық бюджеттен 1,5 млрд.теңге бөлініп, жеңімпаз елді мекендерге 48 арнайы коммуналдық техника табысталды. Осы техникалар жеңімпаз атанған аудан орталықтары мен ауылдарда қызмет етуде.
Конкурсты биыл да өткізу жоспарда бар.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі