Kyzylorda-news.kz Бүгін Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» жобасы аясында кезекті тазалық шарасы өтті.
Бұл жолы игі іс-шара «Қарамай көл» деп аталатын аумақтағы бей-берекет тасталған қоқыс орындарын тазалауға бағытталды. Шараға 50-ге жуық партияның белсенді мүшелері қатысып, аумақты қоқыстан тазартып, ретке келтірді. Сонымен қатар тазалық жұмыстарына арнайы техника жұмылдырылып, қоқыс жиналған орындар тегістелді. Нәтижесінде 1 тоннаға жуық қоқыс арнайы орынға шығарылып, ойық-шұқырлар мен үйілген топырақтар реттелді.
Партияның Қазалы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев «Таза бейсенбі» жобасының маңыздылығына тоқталып, оның аудан көлемінде тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанын атап өтті.
«Ауданымызда «Таза бейсенбі» жобасы өз нәтижесін көрсетіп келеді. Аталған жоба аясында тазалық шарасы бүгін 9-шы рет ұйымдастырылып отыр. Осыған дейін өткізген шараларға 400-ге жуық адам қатысып, 8 тоннадан астам қоқыс тазартылды. Жалпы тазалық шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады. Тазалық – баршамызға ортақ іс. Сондықтан барлық аудан тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға және мұндай игі бастамаларға белсенді қатысуға шақырамыз», – деді Нұрғиса Жаппарбергенұлы.
