Kyzylorda-news.kz Жаңақорған ауданында «AMANAT» партиясының бастамасымен дәстүрлі түрде өткізілетін «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында кезекті тазалық шарасы ұйымдастырылды. Акция Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында әр апта сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Бұл жолы партия мүшелері, белсенді жастар мен еріктілер Жаңақорған кентіндегі темір жол бойы аумағын қоқыстан тазартып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты. Тазалық жұмыстары барысында аумақ ретке келтіріліп, тұрғындарға экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы түсіндірілді.
«AMANAT» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов экологиялық акцияның маңызына тоқталып өтті.
«Таза бейсенбі» – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бір реттік шара емес, қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыратын маңызды бастама. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясы әрбір азаматты туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарауға үндейді. Бұл тек көше мен ауланы таза ұстау ғана емес, адамның ішкі мәдениеті мен ар тазалығының да көрінісі. Себебі айналасына жанашырлықпен қарайтын, қоғамдық мүлікке құрметпен қарайтын азаматтың ниеті де, ұстанымы да таза болады. Сондықтан тазалық – табиғатты аялаудан басталып, қоғамның рухани жаңғыруына ұласатын құндылық», – деді Арман Мажитов.
Айта кетейік, «Таза бейсенбі» акциясы аясында аудан көлемінде қоғамдық орындар, көшелер, саябақтар мен әлеуметтік нысандардың аумақтарында тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бастаманың басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, туған жерге деген жанашырлық мәдениетін қалыптастыру.
