Kyzylorda-news.kz Бүгін Мемлекет басшысының жалпыұлттық бастамасы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы аясында Қызылордада «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының ұйымдастыруымен "Таза бейсенбі" акциясы ұйымдастырылып, "Тағзым" және орталық алаңда тазалық жұмыстары жүргізілді.
Табиғатқа жанашырлықпен қарауды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған ауқымды шарада бастауыш партия ұйымының мүшелері, аудандық "Жастар рухы" жастар қанатының еріктілері және қоғам белсенділері жұмыла жұмыс жасады.
Тазалық жұмыстары барысында "Тағзым" және "Орталық" алаңдағы шөптер шабылып, қоқыстардан тазаланды.
– Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүргізілуде. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында ауданымызда тазалық акциялары мен сенбіліктер тұрақты өткізіліп келеді. Соның нәтижесінде өңіріміз таза аймақтар қатарынан көрінуде. Бұл бағытта аудан тұрғындары үлкен үлес қосуда. Біздің әрқайсымыз табиғатқа деген жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Таза ауа, жасыл желек пен таза су – біздің келешегіміз. Сіздерді табиғатты қорғауға, оны аялауға, болашақ ұрпаққа таза және сау табиғат қалдыруға шақырамын, – деді "Жастар Рухы" Жастар қанаты Сырдария аудандық филиалының төрағасы Нұржан Сейтжан.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акцияға 50-ден астам адам қатысып, игі іске өз үлестерін қосты.