Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өтетін «Таза бейсенбі» акциясы еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасып, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға айрықша үлес қосуда.
Осы орайда бүгін Сырдария ауданында өткен акцияға аманаттықтармен бірге тұрғындар да қатысып, Оспан Мәлібаев шағын ауданындағы «Тағзым» алаңы тазаланды.
Тазалық іс-шарасына аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов, «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Болатбек Ұлтанбекұлы, Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияров арнайы қатысты.
«Тазалық өзіміз үшін қажет. «AMANAT» партиясы тарапынан жергілікті әкімдікке қарасты барлық ұйым, мекемелермен бірге тазалық жұмыстары апта сайын жүргізіліп келеді. Тазалыққа үндейтін, ұрандар да азаматтар көп шоғырланған жерлерге жазылуда. Бұл жұмыстардың барлығы табиғатқа жанашырлықпен қарау, туған өлкеміздің экологиялық ахуалын сақтауға бағытталуда. Тазалық, жақсы тазартылған емес, оны сақтай білген жерде болады»,- демей ме? Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық жерлестерді акцияның тазалық мәдениетін сақтау сынды негізгі мақсатына жетуіне үлес қосуға шақырамын», – деді партияның Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акцияға 30-дан астам адам қатысып, екі арнайы техника тартылды. Нәтижесінде «Тағзым» алаңындағы шөптер шабылып, жиналып, көше бойындағы ағаш түптері әктеліп, аялдамалар мен көрнекі белгілер жуылды.
