Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының қоршаған ортаның ластануын болдырмау, өлкеміздің табиғатын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырып келе жатқан «Таза бейсенбі» акциясына бүгін Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы партияластар да үлес қосты.
Олар аудан орталығындағы МАЙ бекеті ықшам ауданына тазалық жұмыстарын жүргізіп, тұрғындары тазалық мәдениетін сақтауға шақырды.
Жаңақорғандық Алма Мамирова ұдайы тазалық шараларының басы-қасынан көрiнiп, көпшілікке насихат етіп жүрген партияның аудандық филиалына қарасты «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрайымы. Ол тұрғындардың тазалық мәдениетін сақтауға үйренгендігін айтады.
«Ауданда апта сайын тазалық жұмыстары жүргізіледі. Таза жерге қоқыс тастаудың өзі саналы адам үшін ыңғайыз жағдай. Қазір азаматтар да мұны түсінген сыңайлы. Қоқыстарды арнайы қоқыс жәшіктеріне тастап, үй айналасын тазартып отырады. Бұл әрине, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы мен партиямыздың «Таза бейсенбі» акциясының жемісті нәтижесі деп ойлаймын»,-дейді Алма Мамирова.
Акция алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
– «Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың міндеті. Дегенмен біз «Таза бейсенбі» акциясын өткізу арқылы қоқыс тазалап ғана қоймай, тұрғындардың санасына күнделікті тазалық жұмыстарын жасап жүрген қарапайым еңбек адамдарының бейнетін бағалау сынды мәдениетті қалыптастырып келеміз, – деді «AMANAT» партиясының Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов.